Жануарлардағы қанайналым мүшелері

Жануарлар организмінде заттардың тасымалдануының маңызы. Барлық дерлік жануарлардың организмінде заттардың тасымалдануы мен таралуын қамтамасыз ететін арнайы қанайналым жүйесі бар.

Шұбалшаңның қанайналым жүйесі арқа және құрсақ қантамырларынан, олардың арасында орналасқан дененің әрбір буылтығындағы сақина тәрізді байланыстырғыш тамырлардан тұрады. Дененің алдыңғы бөлігіндегі бес байланыстырғыш ірі қантамырлары, ырғақты жиырылуға (соғуға) қабілетті. Олар «жүректің» рөлін атқарады. Сақиналы қантамырлардан көптеген майда капиллярлар тарайды. Шұбалшаңның қаны қызыл. Қанайналым жүйесі тұйық. Тығыз орналасқан капиллярлар ішек арқылы өтіп, қоректік заттармен қанығады.

Ұлулардың қанайналым жүйесі ашық. Жүзім ұлуында құлақша мен қарыншадан тұратын екі камералы жүрек болады. Олардың қабырғалары кезектесіп минутына 20-30 рет жиырылып, қанды қантамырларға айдайды. Ірі қантамырлар жіңішке капиллярларға тарамдалып, олардан қан мүшелер арасындағы кеңістікке құйылады. Қан дене қуысынан қантамырларға жиналып, өкпеге келеді, бұл жерде газ алмасу жүреді. Қаны түссіз.

Сондай-ақ жылықанды жануарларда (құстар, сүтқоректілер) қан ағысы арқылы жылу организмге тасымалданып, біркелкі таратылады. Дене температурасының тұрақтылығын сақтап, тереңде орналасқан мүшелердің қызып кетуінің алдын алады.

Енді біз жануарларда қанайналым жүйесінің екі түрі кездесетінін білеміз: тұйық және ашық (тұйық емес). Тұйық қанайналым жүйесінде қан тұйық тамырлар жүйесі арқылы айналады, жүректен шыққан қантамырлар арқылы мүшелер мен ұлпаларға таралып, одан соң жүрекке қайтып келеді.

Бұл қанайналым жүйесі буылтық құрттарға, желілілерге және кейбір жануарлар тобына тән. Көптеген омыртқасыздардың (былқылдақденелілер, буынаяқтылар) қанайналым жүйесі ашық. Бұл жағдайда қоректік заттар ұлпаларға жанасу арқылы беріліп, тіршілік әрекетінен пайда болған зиянды заттар тікелей жуылады.

Ашық қанайналым жүйесінің маңызды ерекшелігі, әдетте, қан қысымының төмен болуы, қанның денеге таралуын реттеудің қиындығы және қанның жүрекке өте жай қайтуы болып табылады. Бұл тұрғыдан тұйық қанайналым жүйесі өзгермелі болып келеді.

Буынаяқтылардың қанайналым жүйесі ашық. Өрмекшілердің көлемді түтікше тәрізді «жүрегі» құрсағында орналасқан. Жүректен шыққан қантамырлар дене қуысына ашылады да, қан барлық ішкі мүшелерді аралап оттекпен қанықтырып, одан өкпеге және демтүтіктерге бағытталады. Осы жерде газ алмасу жүреді.

Жәндіктердің қанайналым жүйесі ашық, өте қарапайым. Құрсақтың арқа жағында бірнеше қақпақшалары бар түтікше тәрізді «жүрек» орналасқан. Ол қанның денесінің артқы жағынан алдыңғы жағына қарай бір бағытта қозғалуын қамтамасыз етеді. Жүректен шығатын жалғыз қантамыр қанды бас бөліміне алып барады. Содан соң қан дене қуысына құйылады да, барлық ішкі мүшелерді қоршап, дененің артқы жағына ағып кетеді. Бұлшықеттерінің көмегімен жүрек оқтын-оқтын кеңейіп, қанның қайтадан жүрек түтігіне енуіне мүмкіндік береді. Қан жүректен қайтадан дененің бас бөліміне барады. Қан ұлпаларға қорек заттарын алып келеді, бірақ газ алмасуға қатыспайды.

Балықтардың қанайналым жүйесі тұйық, ол екі камералы жүректен және қантамырлардан тұрады. Жүректен қанды алып шығатын қантамырлар артерия деп аталады. Жүрекке қанды алып келетін қантамырлар вена деп аталады. Жүрек жүрекшеден және қарыншадан тұрады. Балықтардың жүрегінде веналық қан болады. Қан жүрекшеден қарыншаға, одан ірі құрсақ қолқасына өтеді. Құрсақ қолқасындағы веналық қан газ алмасу процесі жүретін желбезектерге келеді. Желбезектерде газ алмасу нәтижесінде оттекке байыған артериялық қан арқа қолқасына өтеді. Арқа қолқасы көптеген майда тамырларға: артерияларға, капиллярларға таралып, барлық мүшелерге артериялық қанды жеткізеді. Біртіндеп артерия қаны көмірқышқыл газымен қанығып, веналық қанға айналады да, венаға жиналып, жүрекшеге бағытталады. Осылайша қан тұйық бір шеңбердің бойымен айналым жасайды.

Сүтқоректілердің жүрегі төрт камералы. Жүректен ірі екі қантамыр шығады, олар — қолқа доғасы мен өкпелік тамыр. Қолқа доғасы жүректің сол жағын орай шығады, сондықтан оны сол жақ доға деп атайды. Үлкен және кіші — екі қанайналым шеңбері бар. Олар бір-бірінен толығымен жекеленген. Жүректің оң жақ бөлімінде тек веналық қан, ал сол жақ бөлімінде артериялық қанайналым жасайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *