Зейнолла Қабдолов Атырау облысында 1927 жылы 12 желтоқсанда мұнайшы отбасында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетін (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетін) бітірген. 1950 жылдан дүниеден өткенше осы университетте ұстаздық қызмет атқарды, ғылыми-зерттеу жүмыстарын жүргізді, әдеби шығармашылық еңбекпен айналысты. Ұстаздықта — профессор, ғылымда -академик, көркем шығармашылықта Халық жазушысы деген биік белестерге шықты.

Зейнолла Қабдолов шығармашылық жолын өлеңнен бастап, кейін проза, көркем аударма, ғылыми-зерттеу салаларында еңбек етті. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығының авторларының бірі, «Ұшқын» (1951), «Жалын» (1962-1964), «Менің Әуезовім» (1997) және Махамбеттің өмірі мен өлімі туралы аяқталмай қалған «Махамбет» («Мұз үстінде от жаққан») романдарын, бірнеше эссе жинақтарын («Адам», «Сыр»), әдеби талдаулары мен толғаныстарын («Жанр сыры», «Жебе», «Көзқарас», «Арна»), «Сөз өнері» атты монографиялық зерттеуін, жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Әдебиет теориясының негіздері» оқулығын жазды. «Сөнбейтін от» драмасын сахнаға шығарды. А.Н.Островскийдің «Ұшынған ақша»; Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер»; Гарриет Бичер-Стоудың «Том ағайдың лашығы»; Яшпалдың «Дивья»; Ян Отченашек пен Ярослав Бланктің «Мезгілсіз махаббат»; Михаил Шатровтың «Ар диктатурасы» және т.б. пьесаларын қазақ тіліне аударды. Қаламгердің таңдамалы шығармалары бірнеше рет басылып шықты (екі томдық, бес томдық, алты томдық). «Менің Әуезовім» роман-эссесі үшін жазушыға 1998 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.

«Менің Әуезовім» Зейнолла Қабдоловтың ұзақ толғанысынан туған. Жазушы өз шығармасын осы толғанысының сырын айтудан бастайды. Роман-эссе авторы М.Әуезовтен бес жыл оқыған, М.Әуезовпен он жыл бірге қызмет еткен. Романның бас кейіпкері — ұстаз, авторы — ұстазын іздеп тапқан шәкірт. Романның тақырыбы — М.Әуезовтің өмірі мен қызметі, идеясы — Мұхтар Әуезовтің өмірі мен қызметінің өнегесі.

М.Әуезовтің өмірі туралы жазылған бірқатар шығармалар бар. Зейнолла Қабдолов Мұхтар Әуезов туралы өзінше, тек қана өзінше жазды: жаңа сыр ашты, соны түр тапты. Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі -ішкі мазмұны сырлы, сыртқы түрі нұрлы шығарма.

Роман-эссеге арқау болған шындық құбылыстар автордың атынан баяндалады. М.Әуезовтің өмірлік мақсатмүддесі анық, айқын: а) ел мүддесін қорғау; ә) ұлттың рухани құндылықтарын сақтау, байыту, уағыздау; б) ұлттық әдебиет мамандарын даярлау. М.Әуезовтің өмірі көпқырлы: а) қилы кезеңдерді бастан өткерді; ә) қуғын көрді; б) азап шекті; в) мұратына жетті… М.Әуезовтің қызметі көпсалалы: а) жазушы; ә) ұстаз; б) ғалым; в) қоғам қайраткері. М.Әуезовтің өмірі мен қызметінің қырлары, салалары автордың көргендері мен сезгендері, көңілге түйген ойлары мен сырлары негізінде суреттеледі.

Роман-эссенің жанрлық сипаты ерекше. Көркем әдебиеттің үш тегіне (эпос, лирика, драма) сәйкес өмірдің шындық құбылыстарын суреттеудің үш түрлі амалы болады: эпикалық суреттеу амалы; лирикалық суреттеу амалы; дарамалық суреттеу амалы. Эпикалық амал бойынша: автордың ойы мен сезімінен, санасынан тыс тұрған шындық құбылыстар, оқиғалар суреттеледі. Лирикалық амал бойынша: шындық құбылыстардың, оқиғалардың автордың санасына, ойы мен сезіміне тигізген әсерінен туған күй суреттеледі. Драмалық амал бойынша шындық құбылыстар адамдардың іс-әрекеті түрінде бейнеленеді. Зейнолла Қабдоловтың роман-эссесі — өмірдің шындық құбылыстарын суреттеудің үш амалының (эпикалық, лирикалы, драмалық), көркем әдебиеттің үш тегінің (эпос, лирика, драма) тоғысында жазылған шығарма. Зейнолла Қабдолов роман-эссесінің мазмұнына лайықты тың түр тапқан: роман-эсседе осы үш амалдың немесе көркем әдебиеттің үш тегінің үшеуінің де ерекшеліктері, басты белгілері бар.

Шығарманың жанрлың табиғатына тән екінші бір ерекшелік өмір шындыңтарын көркемдік жинақтаудағы ғылым мен өнердің сабаңтастығы шегінде белгілі болады. Роман-эсседе өмірдің шындық құбылыстары а) образдар арқылы бейнеленеді; ә) тұжырым жасау, ой қорыту, пікір түю арқылы пайымдалады. Бұлардың алғашқысы өнерге, көркем әдебиетке тән даралық; кейінгісі ғылымға тән ерекшелік. Осы тұрғыдан келгенде, Зейнолла Қабдоловтың роман-эссесі — өнер мен ғылымның тоғысында жазылған шығарма.

Роман-эсседе жарқырап көзге түсетін бейне — ұстаз, жазушы, ғұлама-ғалым М.Әуезовтің бейнесі. Роман күзгі аспанды, күзгі аспан астындағы Алматыны, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік универсиететін, университеттің ғұлама ұстазы М.Әуезов бейнесін көрсетуден басталады. Күзгі аспан көктемгідей көгілдір, таза. Алматының көркіне көз тоймайды. Көшелері түзу. Көше жағалай тізіліп көкке өрлеген көктеректер мен аңқайыңдар. Көктеректер мен аңқайыңдардың тобығын айналып сылдыраған бұлақтар: «… арық жиегіндегі жылтыр тастарға мөлдір моншақтай шашылып, төңірегін түгел қоңырсалқын шафхат лебімен желпиді». Көше бойлап екі кісі келеді.

Роман-эсседе көше бойлап келе жатқан екі кісінің бірі -ұстаз, екіншісі — шәкірт. Ұстаз — М.Әуезов. Шәкірт — Зейнолла Қабдолов. Бұл М.Әуезовтің лекциясынан кейінгі сәттің бір көрінісі еді. Жазушы осы сәттен сәл шегініс жасап, оқушыларын университеттің аудиториясына, ондағы лекцияға алып келеді. Лектор — М.Әуезов.

Жазушы М.Әуезовтің университет аудиториясында лекция оқу шеберлігін, шешендігін көрсетіп, лекцияның танымдық табиғатын, эмоциялық мазмұнын, тәлімдік мәнін сипаттай отырып, ұстаз образын жасайды. Автор М.Әуезовтің ұстаздық еңбегін бірнеше қырынан көрсетеді: а) университет аудиториясында лекция оқуы; ә) кафедрада оқыту мен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізудің бағыт-бағдарын барлау мен анықтау; б) талапты, талантты шәкірттерімен аудиториядан тыс жағдайда әңгіме-дүкен құру, пікір алмасу, оларға аңыл-кеңес беру. Ұстаз еңбегінің осы қырларының әрқайсысында өмірлік маңызы мен мәні үлкен тәлім мен тәрбие, білім мен білік, үлгі мен өнеге тағылымы бар.

Қаламгер М.Әуезовтің ұстаздық қызметін, ұстаздық келбетін нақты шындық оқиғалар арқылы көрсетіп алған соң, ұстаз, ұстаздық туралы монолог түрінде берілетін ойлары мен толғаныстарынан сыр ашады. Сөйтіп, эпикалық баяндау лирикалық толғауға ұласады. Роман-эссе авторы: «Ұстаз! Ұстаздық — ұлы нәрсе! Ұстаздық ету — өзіңнің уақытыңды аямау, өзгенің бақытын аялау.

Жарық дүниеде бұдан асқан қиын, бұдан асқан қиямет-қайым қызмет жоқ, — деп толғанады. — Мен жоғары мектепке түсісімен ұстаз іздедім. Шарқ ұрдым. Өйткені менің үлгі көргім келді, өнеге алғым келді. Жоғары оқу орнын ғана емес, ұстаздық мектебін, яғни даналық оқуын бітіргім келді. Ол үшін, әрине, Ұстаз керек, шын мәніндегі ұлағатты ұстаз іздеп табу керек… Мен ұстаз іздедім… және таптым мен соны: арманыма жеттім солай!» деп толғайды.

Роман-эссенің өн бойында Мұхтар Әуезовтің өмірі мен қызметінің аясында айрықша дараланатын және өзара сабақтас екі ұғымның орны ерекше: а) ұстаз туралы ұғым; ә) ұстаздық туралы ұғым. Роман-эсседе ұстаз бен шәкірт арақатынасында орныққан ерекше екі қасиет жарқырап көзге түседі: а) ұстаздың шәкіртке деген шексіз ілтипаты; ә) шәкірттің ұстазға деген шексіз құрметі. Осы екі қасиет роман-эссенің бүтін көркемдік болмысына негіз болған.

Жазушы М.Әуезовтің өмірі мен қызметінің тек өзі көрген, өзі білген және өзін ойға қалдырған, толғандырған кезеңдерінің оқиғаларын суреттейді, өз көзімен көрмеген оқиғалардың бірқатарын көзкөргендердің өзімен қатар отырып айтқан әңгімелері негізінде көрсетеді. Кейінгі жағдайдың бір мысалы мынадай: Мұхтар Әуезов, Дос Тәкімов, Зейнолла Қабдолов — үш кісі жеңіл машина ішінде келеді. Тастаққа жете бергенде, М.Әуезов машинаны тоқтатып, жерге түседі де, көшенің сол жақ шетінде қыштан салынған бір қабат сұр үйге бет алады. Сұр үйдің сыры машина ішінде қалған екі кісінің диалогі арқылы ашылады:

«- Анау жапырайған тоқал тамды көрдің бе? — деп ақырын сыбырлап, саусағын шошайтты.

— Иә, ол кімнің үйі?

—  Құрсын, бұл — үй емес, түрме! — деді Дос дыбысын шығарыңқырап. — Отызыншы жылдың күзінен отыз екінші жылғы көктемге дейін ағамыз осында қамауда отырған.

— Тек! — деппін не дерге білмей…»

Роман-эссені шығармашылық еңбектің нәтижесі деп қарағанда, шығармашылың еңбектің бас тұлғасы, субъектісі — автор. Мына қысқа диалог деңгейінде автор — субъект (баяндаушы) емес, объект (тыңдаушы), ал автордың кейіпкері — объект (тыңдаушы) емес, субъект (баяндаушы). Басқаша айтсақ, диалогтің мына үлгісі шығармашылық еңбек үдерісінде субъектіні (баяндаушыны) — объектіге (тыңдаушыға), объектіні (тыңдаушыны) субъектіге (баяндаушыға) ауыстырудың құралы қызметін атқарады. Мұның өзі сөйлеуші мен тыңдаушының суреттеліп отырған шындық құбылысқа деген қатынастарын неғұрлым толық ашып көрсетуге, шығарманың композициялық және сюжеттік құрылымын тиісті бағытта еркін дамытуға мүмкіншілік береді.

Берілген диалог барысында айтылған Достың сөзінен туған әсердің нәтижесінде автордың М.Әуезов туралы ұғымы төңкеріліп түскендей болады. Осының ізінше ол М.Әуезов өмірінің тағы бір қилы кезеңінің шындығына куә болады. XX ғасырдың отызыншы жылдарының басындағы қара бұлт М.Әуезовтің төбесіне осы ғасырдың елуінші жылдарының басында қайта үйіріледі. Үкімет үйінің кең мәжіліс залы. М.Әуезовтің шығармашылық қызметі талқыланып, бағалануда. Сөйлеушілер жазушының шығармашылық қызметіне небір ауыр айып тағуда. Автор өзінің көз алдында болып жатқан оқиғалардан мынадай сыр түйеді: «… ғалымдары бар, жазушылары бар — зал толы жұртты, бір қора қой секілді, мәжілісті басқарып отырған екі адам «әйт» деп өргізіп, «шәйт» деп қайырып, маған беймәлім бір жаққа айдап әкетіп бара жатты».

Зал толы жұрттың да, мәжілісті басқарып отырған екі адамның да бейнелері нақты әрі суретті. Олардан туатын мағына бай. Кеңестік идеология үстемдік құрып тұрған заманда мәжіліс басқарып отырған екеу сияқтылар жаны аяулы жақсыға жамандың істерде, «жұртты» осылай «өргізіп», осылай «қайырды». Ақырында өздеріне қажетті үкімді «жұрттың» атынан шығарды, өз қолдарымен жасаған жамандыққа жұртты түгел ортақ етті. Болған істің байыбына барғанда, автор мынадай ой ұсынады: а) жақсы мен жаманның шегін, ақ пен қараның шетін айыра алмайтын, айыруға құқықсыз «жұрттың» үкім шығаруына жағдай жасау, мүмкіншілік беру, міндет арту халық үшін қашанда қатерлі; ә) саяси биліктің мәжбүрлеуімен «жұрт» болып қабылдаған шешімнің, «жүрт» болып шығарған үкімнің ауыртпалығы үшін нақты ешкім, ешбір жеке тұлға жауап бермейді.

Үш күнге созылған мәжілісте М.Әуезовтің жазушылығы, ғылыми шығармашылығы туралы ғалымдар да, жазушылар да, басқалар да сөз сөйледі, пікір айтты. Бірақ зал толы «жұрттың» ішінде М.Әуезовтің жазушылығы, ғылыми шығармашылығы туралы бір ауыз жылы лебіз білдірген жан болмады.

М.Әуезов туралы роман-эссе авторының берік қалыптасқан мынадай ұғым-түсінігі бар еді: «а) М. Әуезов — қазақ халқының біртуар, дарабоз, сегіз қырлы, бір сырлы азаматы; ә) М.Әуезов — саңлақ суреткер, көркемсөздің қас шебері, заңғар жазушы; б) М. Әуезов — ғұлама ғалым, ақыл-ойдың кені; в) М. Әуезов — кемеңгер ұстаз, дана, ұлы тәрбиеші». Автордың М. Әуезов туралы берік қалыптасқан ұғым-түсінігіне үкімет үйінде үш күнге созылған мәжілісте айтылған сөздердің бәрі жат еді. Автор М.Әуезов туралы өзінің берік қалыптасқан ұғым-түсінігіне қайшы айтылған жат сөздерді қабылдай алмады, өз пікірінде қалды. Ішкі монолог үлгісінде көз алдында болған және өзі суреттеп отырған жайға көзқарасын білдірді, бағасын былай берді:

«Асылы, сүт бетінің қаймағын қалқығандай, ұлттың беткеұстар білімділерін, біліктілерін сыпырып әкетсе болғаны, халық дегеніңіз ақыл-ойы, сана-сезімі жұтқа ұшыраған қауқарсыз қара тобырға айналатын көрінеді. Осыны бес саусағындай білетін зымияндар қазақ зиялыларын, олардың ішінде, ұлт мақтаныштарын қуғын-сүргінге салды. Сонда ең бірінші және ең үшкір найза Мұхтар Әуезовке кезелді».

Жазушы М.Әуезовтің өмірі мен қызметінің шындықтары арқылы елдің өсер өркеніне іргелі ой ұсынады және қатерден сақтандырады. Іргелі ойы — халықтың ұлттық асыл құндылықтарын, қоғамдық сананың тазалығын сақтау, қорғау, келер ұрпаққа кінәратсыз тапсыру туралы ой. Сақтандыратын қатері — халықтың ақыл-ойын, сана-сезімін жұтқа ұшыратудың, ұлт зиялыларын қуғын-сүргінге салудың қатері.

Роман-эссенің мазмұнын пайымдау барысында авторлық идея мен объективтік идея арақатынасын аңғару қажет. Авторлық идея — автордың М.Әуезов жөнінде роман-әссе жазу туралы бастағы шығармашылың ой өзегі. Автордың шығармашылық ой өзегі жазылатын роман-эссенің тақырыбы мен идеясы арқылы көрініс табады. Объективтік идея — жарыққа шыққан роман-эссенің өзінен туатын маңсатты нәтиже. Роман-эсседен туатын мақсатты нәтижені әр оқушы өзінің ұғым-түсінігі, таным деңгейіне сай өзінше бағалайды. Дегенмен мына жайға назар аудару дұрыс: объективтік идея жазушының өз шығармасы арқылы елдің өсер өркеніне ұсынған іргелі ойының арнасында танылады.

Зейнолла Қабдоловтың «Менің Әуезовім» роман-эссесі — елдің өсер өркеніне халықтың ұлттың асыл құндылықтарын, қоғамдық сананың тазалығын сақтау, қорғау, келер ұрпаққа кінәратсыз тапсыруды ұсынған интеллектуалдың роман үлгісі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *