Жанартаулардың пайда болуы және оның құрылысы. Жер сілкіну нәтижесінде Жер шарының кей жерлерінде терең жарықтар пайда болады, жер қойнауынан магма жарықтардың бойымен жоғары көтеріліп, жер бетіне төгіледі. Сойтіп ыстық газ, су буы, жанартау тозаңы, тау  жыныстарының сынықтары, күл, лава сыртқа шығып, жанартаулық конустар түзеді. Жер қыртысындағы балқыған магма жоғары көтерілетін өзек жанартау көмейі деп аталады. Көмей жоғарыда тостаған тәріздес ұңғы кратермен (грек. кратер – «тостаған») аяқталады. Жанартау көмейінен жер бетіне лава ғана емес, сонымен бірге газдар, су буы, жанартау тозаңы, т.б. шығады. Әрбір жаңа атқылаудан соң жанартау конусы үлкейеді және биіктей береді. Жанартау атқылауы кезінде күлді бұлт пайда болады. Ауада суыған күлдің бір бөлігі жанартаудың айналасына шөгіп, елді мекендерді, өсімдіктерді басып, қоршаған ортаға әсерін тигізеді, оның біраз бөлігін жел жүздеген және мыңдаған шақырымға ұшырып әкетеді. Жанартау атқылаған кезде жер астынан гуіл естіледі, кейде жер сілкінеді. Егер атқылауға дейін жанартауды қар мен мұз басып жатса, қызған лава оларды ерітіп жібереді. Күл мен тас араласқан су лай тасқынын туғызып, төмен қарай жолындағының бәрін ағызып әкетеді. Уақыт өте лай тасқыны мен күл нығыздалып, қатты жыныс жанартаулық туф пайда болады.

Жылдар өте нығыздалған күл мен қатқан лаваның бетінде құнарлы топырақ пайда болып, қалың өсімдік өсіп, тіршілік мекеніне айналады.

Сөнген және сөнбеген жанартаулар. Адамзаттың көз алдында атқылап жататын жанартауды сөнбеген жанартау деп атайды. Құрлықта осындай 900-ге жуық жанартау бар. Атқылауы жөнінде ешқандай мағлұматтар сақталмаған жанартаулар да кездеседі. Жанартаулық тау жыныстары, конус тәрізді пішіні мен ең басындағы кратері ғана олардың бір кездегі жанартаулық белсенді әрекеті болғанын білдіреді. Ондай жанартауларды сөнген жанартаулар деп атайды. Мысалы, Кавказдағы Эльбрус пен Казбек сөнген жанартаулар қатарына жатады.

Кейде сөнген жанартаулар кенеттен атқылай бастайды. Мәселен, біздің заманымыздың 79 жылы Везувий жанартауының кенет атқылауы халыққа зор қасірет әкелді. Бұл кезде Помпей, Геркуланум, Стабия деген үш қала қирап қалды. Сол сияқты 1960 жылы Чилидегі жер сілкіну кезінде сөнген деп есептелген 9 жанартау атқылаған.

Камчатка түбегіндегі Ключи шоқысы да сөнбеген жанартауға жатады. Әлденеше рет атқылаудың нәтижесінде оның конусының биіктігі 4750 метрге жеткен. Этна – Сицилия аралындағы 3380 метр биіктіктегі жанартау. Ол да Везувий сияқты әлемдегі ең қауіпті жанартаулардың бірі.

Жанартаудың атқылауын құрлықта ғана емес, сондай-ақ мұхиттан да бақылауға болады. Жер шарындағы барлық жанартау конустарының жартысы Тынық мұхиттың жағасы мен аралдарында, олар Тынықмұхиттық жанартаулық белдеуін құрайды. Мысалы, Камчаткадан Жапон аралдарына дейін созылып жатқан Курил аралдары сөнген суасты жанартауы конустарының шыңдары болып табылады, олардың ішінде сөнбегендері де бар. Бұл аралдарда елди мекендер, қалалар, өнеркәсіп орындары бар.

Жер бетін қалыптастырудағы жанартау әрекеттерінің маңызы. Жанартауды зерттеу пайдалы қазбалардың қалыптасуының сырларын ашуға көмектеседі.

Жанартау атқылауымен, жердің терең қабаттарынан келетін заттар ыдырап, жер бетінде сумен тасымалданады. Осы минералдық бөлшектердің мұхит пен теңіз алқаптарының белгілі бір жерінде шоғырлануы нәтижесінде кейбір химиялық элементтердің мөлшері молаяды.

Жанартаулық тау жыныстары Қазақстанның барлық аймақтарында кездеседі. Лармен темірдің, полиметалдың, мыстың, марганецтің, алтынның және басқа да элементтердің кендері бірге кездесетінін ғалымдар анықтаған.

Жанартау атқылаған кезде лава, пемза, суыған көптеген қатты заттар, сондай-ақ су буы мен газ жер бетіне шығады. Қазіргі кезде көптеген ғалымдар жанартау атқылаған кезде су буынан жер қабығының біраз жерін су басқан, ал газдың бөлініп шығуы нәтижесінде оттекке бай атмосфера пайда болған деген қорытындығы келеді.

Ыстық бұлақтар мен гейзерлер. Кейбір жанартаулы аудандардағы жерасты суының температурасы жоғары (100С-ге дейін) болады және оның құрамында ерітінді түрде алуан түрлі тұздар мен газдар кезесетін су – арасан суы. Судың мұндай қасиеті тереңдігі магманың температурасы жоғары болғандықтан, ол суды қыздырады, одан бөлініп шығатын газдар суда ериді. Бұл су жер бетіне шығып, бұлақтар, жылғалар, өзендер түзеді. Олар кейде ыстық бұрқақ түрінде атқылап, бірнеше ондаған метр биіктікке көтеріледі. Бұрқақ атқылайтын мұндай блақтарды гейзерлер деп атайды.

Гейзер (исланд тілінде – саулау, шапшу, лақ ете түсу) – оқтын-оқтын ыстық су мен бу атқылап тұратын су көзі.

Гейзерлердің атқылау айналымының ұзақтығы әртүрлі: бір минуттан бірнеше минут аралығында болуы мүмкін, ал тыныштық кезеңі де әрқалай бірнеше минуттан бірнеше сағатқа  немесе күндерге дейін созылады.

Гейзерлер дүниежүзі бойынша Ресейде (Камчатка), Исландияда, Канадада, АҚШ-та, Жаңа Зеландияда, Жапонияда, Қытайда кездеседі.

Камчаткада Гейзерлер аңғары бар. Бұл аңғарда 20-дан астам ірі және 300-дей ұсақ гейзелер бар. Ең ірі гейзер – «Великан», оның ыстық суы 40 метр, бу бірнеше жүз метр биіктікке дейін көтеріледі. Гейзерлер белгілі бір уақыт аралығында атқылайды. Гейзерлер аңғары қорғалатын аудан болғандықтан мұнда аң аулауға, балық аулауға, ағаш кесуге тиым салынған.

Гейзерлер мен ыстық бұлақтардың суын үйлерді және жылыжайды жылытуға қолданады, электр стансасы осы ыстық суды пайдаланып, жұмыс істейді. Жерасты ыстық минералды сулары емдік-сауықтыру мақсатында пайдаланылады.

Радонды және минералды (арасан) шипалы сулар Қазақстан аумағында да таралған. Мысалы, минералды жер асты сулары Іле, Жетісу Алатауы, Алтай тауларында және Орталық, Оңтүстік Қазақстан аймақтарында кездеседі. Олар гранит және қышқыл тау жыныстарының жарықтарында қалыптасқан. Радонды жерасты сулары жүйке, жүрек, қан таралу, тірек-қимыл мүшелерінің ауруына ем болады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *