Жануарлардың тыныс алу процесі өкпе мен қоршаған орта арасында газдардың алмасуынан (сыртқы тыныс алу), газдарды қан арқылы тасымалдаудан және тін жасушалары мен қан арасындағы(ішкі) газ алмасудан қалыптасады.

Тыныс алу кезінде  ауа алдын ала ауа өткізгіш жолдарына түсіп, онда жылынып, ылғалданып тазарады. Ішкі қуыс қабырғаларындағы бездер ауа құрамындағы ұсақ, бөгде денелерді (микробтарды) сүзіп тұндыратын кілегей заттар бөледі. Тербеліс қабаты бар эпителий жасушалардың қозғалысы арқылы сүзілген бөгде денелер кілегеймен бірге сыртқа қарай организмнен ығыстырылып шығарылады. Мұрын қуысынан артқа бөлімшесінде орналасқан сезім мүшелері сапалы түрде иістерді сезіп, ауаны талдап отырады. Ауа жолының көптеген рецепторлары арқылы бірнеше тыныс алу рефлекстері қалыптасады(жөтел, түшкіру). Сонымен қатар басқа ағзалар мен жүйелерге рефлекторлы түрде әсерін тигізіп отырады.

Тыныс алу кезінде негізгі газ алмасу процесі өкпеде өтеді. Жануарлардың ішіне сорылған және сыртқа шығарылған ауасының арасында газ құрамы бойынша айтарлықтай айырмашылық байқалады. Өкпеге(ішке) сорылған ауа құрамында оттегінің мөлшері —  20,8%, көмірқышқылы – 0,03%, азот – 79,15% болса сыртқа шығарылған ауада бұл көрсеткіштер- 16,3 %, 4,0 %, 79,7 % құрайды. Ауа құрамындағы мұндай айырмашылық өкпеден өтетін ауа мен кіші қан айналымы шеңберіндегі қан қылтамырларының арасындағы газ алмасуына байланысты. Осы кезде газдардың бір ортадан келесі ортаға диффузды түрде өтетін алмасуын қамтитын – газдардың парциалдық қысымы. Газдар диффузияның қысымы жоғары аумақтан қысымы төмен аумаққа ығыстырылуы арқылы өтеді. Осыған орай өкпелегі оттегі ауадан көк тамыр қанына(веноздық қанға) өтеді, ал көмірөышөыл газы қаннан альвеолаларға өтеді. Газдардың алмасуы керісінше өтеді.  Газдардың алмасуына өкпенің морфологиялық құрылымы(альвеола кеңістігі, қан қылтамырлар торы, тамыр бетіндегі жорғақтар қалыңдығы) көп ықпалын тигізеді.

Өкпеден қанға сіңген газдың 1,5 %-ы қанда ерітінді түрінде , ал 98,5 %-ы байланыста болады. Негізгі оттегін байлап тасымалдаушы зат – эритроцит ішіндегі гемоглобин (1 г гемоглобин 1,34 г оттегіні тасымалдайды). Тіндерде оттегінің босап бөлінуі парциалдық қысымға байланысты, өйткені тіндер сұйығындағы көмірқышқыл газының парциалдық қысымы қан қысымынан бірнеше рет басым болады. Қанда көмірқышқыл газының 6 % -ы ерітінді, ал 94%-ы – байланыста болады. Олардың негізгі бөлігі сілті тұздар – қан құрамындағы калий, нптрий бикарбонаттары ретінде кездеседі. Өкпеде, аталған бикарбонаттардан көмірқышқылы ығыстырылып, көмірқышқыл газымен суға дейін ыдырайды.

Аталған күрделі тыныс алу процесі үнемі орта жағдайына байланысты реттеліп отырады. Тыныс алудың сыртқы белгілерінің бірі – көкірек қуысының қозғалысы, бұл қозғалыс тыныс алу бұлшық еттерінің жиырылу әсерінен туындайды. Тыныс алу жиілігі әр малда әр түрлі: мүйізді ірі қараларда  — 10- 30, шошқаларда – 15-20, жылқыларда – 8-16, қой-ешкілерде – 12-30 рет. Жалпы тыныс алудың 3 түрін ажыратады: көкіректі, құрсақты, аралас. Малда тыныс алудың аралас түрі жиі кездеседі. Тыныс алу процесі өзіндік рефлекторлық түрде реттелінеді, аталған процесті реттеуші, негізінде сопақша мида шоғырланған нейрондар орталығы. Осы орталықтан ырғақты импульстер шығып, алдымен жұлын мотонейрондарына, одан әрі тыныс алу процесін қамтитын бұлшық еттерге әсерін тигізіп, оларды үйлесімді түрде жиырып жазып отырады. Осы кезде көкірек қуысының көлемі бірде ұлғайып, бірде кішірейіп отырады. Көкірекпен бірге өкпе көлемі де ұлғайып, ауа ішке сорылады, ал дем шығарған кезде көкірек қуысы кішірейіп, өкпе тіні жиырылады. Тыныс алу орталығының қозғыштық қабілеті гуморалды факторлар арқылы да реттеледі.

Құстардың тыныс алуында қалыптасқан айырмашылық оның тыныс алу ағзаларының морфологиялық ерекшеліктеріне байланысты. Құстарды екі – жоғарғы және төменгі көмекей бар. Бронхтар жүйесі өте жақсы тармақталып, моңында жұқа қабатты ауа қапшықтарымен жалғасқан. Сүйектері қуыс, ауаға толы. Өкпелерінің жоғарғы беті қабырғамен тұтасып кеткен. Диафрагма жоқ, ауа көкірек қуысы мен өкпенің қозғалуы бронхтарды бойлап өтіп, ауа қапшықтарын толықтырып, ішке түседі де, дем шығарған кезде ауа қапшығынан кейін екінші рет өкпенің бронхиалды жүйесінен өтіп, сыртқа шығып, интенсивті газ алмасуды қамтиды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *