Аймауытовтың роман жанрындағы тырнақалдысы – 1926 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік баспасынан жарық көрген «Қартқожа» атты еңбегі. Шығарма сол жиырмасыншы жылдары іргелі-кейінді жарық көрген белді-белді прозалық дүниелермен іркес-тіркес туды. Жас қазақ жазушылары бірі ұлтжандылық бағыт ұстанып, бірі кеңес идеологиясын жалау етіп көтеріп, қақ жарылса да, сайып келгенде, бәрі қазағының мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Ірі прозаға деген талаптың да түп негізінде ұлттық мұрат-мақсатқа қайтсек молырақ қызмет етеміз деген ынта-жігер жатты. Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Мұхтар Әуезовтың «Қорғансыздың күні» деген әңгімелері, Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» мемуары, т.б. – бұған айқын дәлел. Олардың әдебиет тарихында мәңгі ұмытылмайтын және бір еңбегі – ұлы Абай дәстүрін ілгерілете отырып, әдебиетімізді дамудың жаңа белесіне шығарғаны, бірден проза жанрының әлемдік деңгейінен табылуы.

Аймауытов роман жазуға кірісерде, әлемдік әдебиет тәжірибесі «көкірек көзің» ашылуына, жер жүзі қаламгерлерімен «бірдейлік дағуасына кіруге», иық теңестіруге септесетініне әбден қанықты. Үлкен проза жетістіктеріне көз тіге жүре, орыс және әлем классикасына ден қойды. «Смағұлға жауап» атты сұхбат іспеттес анкета материалында ол өзіне шет ел жазушыларынан: Мопассан, Мольер, Виктор Гюго, Шекспир, Джек Лондон, Рабиндранат Тагор, Стефан Цвейг, орыс суреткерлерінен: Гоголь, Пушкин, Толстой, Максим Горький, Короленко, Чехов қатты ұнағанын жазады.

«Қатты ұнады» дегені жазушының өз мүмкіндігінің өскенінің, өз ұлттық романымызды туғызуға пісіп-жетілгендігінің айғағы еді. Ондай шығарма туды да. «Қартқожа» романы ана тіліміздің уызды шәрбәтіне қандырып, ел тарихының бұрын еленбеген өлкесіне сәуле түсірген асыл бұйым. Ұлттық әдебиеттің өз жатырында ұрықтанып қалыптасқан, әлеуметтік талдауын қоғамдық дертке ем іздейтін дәстүрмен ұштастыра суреттеген біздегі тұңғыш ірі эпос шығармасы.

Төбе шашыңды тік тұрғызатын оқиғалар ішінде күйіп-жанып, зілмауыр, қораш тірліктен жапа шегіп, жамандықтан қашып жақсылыққа ұмтылған, жан алып, жан беріп жүрген пақырлар Жүсіпбек романдарының қаһармандары қатарынан орын алады.Үлкенді-кішілі тарихи тұлғалар тұрсын, қатардағы адам санатына да қоспайтын, қазақ патриархалды-феодалдық тұйық ауылының ең сорлы, қараңғы қапастағы бұл пенделерінің әлеуметтік-саяси өмір ағысында қайнап пісіп, көзі ашық, саналы азамат дәрежесіне көтерілуі, аумалы-төкпелі заман идеяларынан нәр алып, рухани толысып шынығуы – Жүсіпбек Аймауытовтың көркемдік ізденістеріне шабыт берген құнарлы қайнарлар.

Романның бас кейіпкері Қартқожа ежелгі шығыс дастанының қаһарманынша қашан мұратына жеткенше, қиындықтан көз ашпайды. Ежелден қолданылып келе жатқан тәсілді жаңа материалға өзек ете отырып, автор көздеген мақсатына жетеді, роман сюжетіне қызығушылық, кейіпкері тағдырына жанашырлық туғызады. Қартқожаның төменнен жоғарыға қол созуы, қараңғыдан жарыққа шықпаққа талпынысы, білім алуға ұмтылысы оқушысын бірден баурап алады, енді не болар екен дегізіп, шығарма сюжетінің тартымдылығын күшейте түседі. Әйтпесе «Қартқожа» романында қай жеңгенің менікі дегізетін тартыс жоқ. Мұндағы тартыс кейіпкердің таудай талабынан туындайды. Кертартпа заманда иті қырын жүгіре беретініне қарамастан, өнер-білімге тырбанған әрекетінен жазбайды. Өз дегеніне жетпекке жан ұшырады.

Қартқожа – революционер күрескер емес. 1916 жылғы көтерілісте қолына бір-ақ рет сойылсымақ ұстайды. Онда да аттанды деген аты ғана. Негізінен байқаушы, көз суарушы, өзгенің шарапатын күтуші рөлінен аса алмайды. Авторға керегі – сол кездегі тарихи алапат оқиғаларды Қартқожадай сірі жанды бейнетқор тұрғысынан бағамдау болса керек. Жазушы трагедиялық оқиғалардың астан-кестен толқынында жүзген бас кейіпкер қайығын қалт-құлт еткен жай-күйінде барын салып кескіндейді.

«Қартқожаның» жанрлық бір ерекшелігі – драмалық сыпатында. Өткір де өтімді диалогтардан тұратын «Мансапқорлар», «Рабиға», «Қанапия – Шәрбану», «Шернияз» сияқты пьесаларымен аты шыққан автор таланты әсіресе қалың бұқаралық қозғалыс көріністерін суреттегенде айызыңды қандырып, бәрекелді дегізіп сүйсіндіреді. Ұзақ-ұзақ диалогтар типтендіру құралы есебінде пайдаланылады. Сол құрал арқылы қазақ романы сахынасына алғаш рет халық бұқарасын шығарады. Сонымен бірге көтерілісшілердің бірсыпырасының дара үніне құлақ асады. Әр кәлләда бір қиял бар екенін дәлелдейтіндей етіп сөйлетеді. Диалог арқылы көтерілістің халықтық сипатын ашып көрсетпек ойын жүзеге асырады.

«Қартқожа» романы елуден аса шағын әңгіме тектес новелла жүйесінен құралған. «Құлақ естігенді көз көрді», «Бет түзелді» «Жаңарды», «Елде» деген тараушалар, солардың бірі – бар-жоғы үш бет құрайтын «Көтеріліс» атты новеллаға жақын әңгіме кіл дерлік диалогтан тұрады.

Драматургиялық тәсіл әртүрлі рөл атқарып тұр. Ең алдымен авторлық тұрғыдан хабар береді. Зор қоғамдық оқиғаға қатысты көзқарасын жазушы кейіпкерлерінің репликаларына сыналап енгізіп жіберген. 1916 жылғы көтерілістің осал тұстарын, бір қойдың терісі үшін ата, тұқым намысын қоздыратын жікшілдік мерезді, көреген, іскер, ұйымдастырғыш саналы басшылықтың жоқтығын өкінішпен мезгеген. Көтерілістің жеңілу себебін жаудың күші басымдылығынан ғана емес екенін дәлелдегісі келген.

«Қартожа» романының тарауша-тараушаға жіктелуінде гәп бар. Жазушы қазақ тарихының белесті кезеңдерін жинақтап көрсетпекке тырысқан. Ондай құрылымның жанры қалай аталатыны белгілі: «Қартқожа» – роман-хроника. Қазақтың жалпақ тіліне салғанда, оқиғалар шежіресі. Аймауытовтың хроникаға, оқиғалар ағысына бет бұруының астарында бұған дейінгі ғашықтық шытырманына негізделген роман формасының революциялық дауылдардан соң өзгергенін, жаңғырған ел жағдайына сай келмейтінін, үлкен категориялы қоғамдық ой-пікір қорытуға өріс бермейтінін түсініп, басқа пішін іздеуі жатыр. «Қартқожа» романының бас кейіпкері жүрегін ұстап, махаббат отына түсіп, күйіп-жанып жүрген жоқ. Ол екі рет үйленеді. Бірі – әмеңгерлік жолмен жеңгесімен неке қиысады. Одан соң әкесі зорлап малға сатқанына көнбей, қалаға қашып келген Гүлсіммен тұрмыс құрады. Соңғы үйленуі «Кім» новелласында хабарланады. Хабары тым қысқа және жауабы өзінде болатын риторикалық сұрау түрінде берілген.

«Жаздыгүні Гүлсімнің ауылында 30 шақты үлкендерді оқытып, хат танытып, Гүлсім мен екеуі бірін бірі сүйіп, күзге таман қалаға алып қашып келген ер жігіт кім?» — деген сауал қойылады. Романдағы махаббаттың басы да, аяғы да осымен бітеді. Бас кейіпкердің есіл-дерті – оқысам, білсем деген арманда. Сол арманын қалайда іске асырамын деп жар құлағы жастыққа тимей жүреді.

«Күйдім-жандым» дәстүрінен бас тартқан роман жаңашылдығы көзге ұрып тұр. Оқиға хроникасы қоғамдық ұйқы-тұйқы арпалыстарды суреттеуге бағытталады. Реалистік романның жан-жүрегі саналатын әлеуметтік талдауға бет бұрды.

Шығарманың стильдік өрісі талдаудың әртүрлі формаларына қарай қалыптасқан: бірі – баяндау, бірі – сурет, бірі – публицистика, ойтолғақ, не осы үшеуінің қосындысы. Автор бас кейіпкерін қазақ қауымы бастан кешкен әрқилы зауалдың куәсі етеді. Новелла әңгімешісі автордың өзі. Қазақ ауылында туып өскен Қартқожаның бастан кешкендерінің көбін жазушы өз жүрегінен өткізген. Оқиға жүйесін бірін бірі қайталамайтын дара тақырыпшаларға жіктеп баяндайды. Новелланың әрқайсысы уақытының қайталанбас суреттерін бейне кино кадрындай бірінен соң бірін көз алдыңнан сыдыртып өткізіп отырады. Романға жобасы солай болар-ау деп шамалайтын, құр елес, долбар сурет мүлде кезікпейді.

Әлеуметтік талдау жеке адамдардың образын даралау принципінен ажырамайтыны белгілі ғой. Қартқожаның қоғамдық өмірі жеке тірлігі бір өрімде суреттеледі. «Оқу», «Үй іші», «Ұядағы зорлық», «Еліктеу», «Қарлығаш», «Хабар берді», «Қитық», «Ажал» деген бастапқы тараушалар бас қаһарманмен және үй-іші, ортасымен таныстырады. Қартқожаның 10-11 шамасы кезінен бері қарайғы тауқыметті тұрмысы хақында толық мағлұмат береді. Әңгіме барысында Қартқожаның характері там-тұмдап ашылады. Ол – қой аузынан шөп алмайтын, кім көрінгенге есесін жіберіп алатын бозөкпе жас. Әйтеуір көкірегінің жарығы бар. Оқу, білімге құштар. Қаладан келе жатқан «сымпиған қара киімі бар», «ноғай бөрік» шәкірт оған «Тумыш» деген кітапша сыйлайды. Қартқожаның осы кітапты қалай оқығанын көрсету арқылы жазушы кейіпкерінің болашағынан бірдеңе дәметуге болатынын сездіреді. Сездіріп қана қоймайды, иландырады.

«Қартқожа сайын далада киімін шешіп, жайрап, көйлекшең, жалаңбас, көк шөпке бауырын төсеп, күнге қарап, қошқыл маңдайынан тері шып-шып шығып, кітабын оқып жатыр. Оның кітапқа ынталанғандығы сонша, жан-жағына да қарамайды.., демін де білдірмей алады. Ол екі атты да ұмытып кетті. Біреу алып кетсе, білер емес. Өзінің айдалада жатқанын да, ауылын да, басқа дүниені де ұмытты. Оқыған сайын ажарланады, бет-аузы балбырап, иегін созып, көзін қадап, қағазды жеп қоятын тәрізді…».

Оқудың маңызын түсіндіріп ділбарсудан мың есе артық деталь. Қитықтан ситыққа ұшырай беретін Қартқожаны қу тірлік батпағынан суырып алатын ынта-ұмтылыс талабын бұдан артық келістіріп суреттеу мүмкін емес. Қартқожа кітап оқудан ләззат алады. Оны алға сүйрейтін – сол білімге деген іңкәрлік. Андрей, Қасен, Полидуб сықылды адамдар жас жігіттің талабын қолдап, әр тұста қол ұшын беріп отырады.

Қартқожа Семей, Омбы шаһарларында оқи жүре, бейнеттен бейнет шегіп титықтайды. Кейіпкермен бірге қиналатын оқырман да, ең соңғы «Кім», «Еңбекті елге қыл» дейтін тараушаларды тәмамдағанда бір «уһ!» дейді. Ол тараушалардың көркем сөзден гөрі публицистикаға ойысқанын да байқамай қаласың.

Финал – әр шығарманың шоқтығы. Жазушының жазушылығы шығармасын қалайша бастауымен қатар бітіргендігіне де байланысты. Сәтті финал музыканың аккордына ұқсас. Көп-көп алыс-жақын дыбыс әуендерінің сұлу келісімін жасайды. Жүсіпбек романының финалы келісімнен гөрі кереғарлыққа жақын. Ақ пен қараның, күн мен түннің, қосу мен алудың тартылыс күшіне бейім.

Қартқожа орысша оқуға түспекке, інісін ертіп – Омбыға сапар шегеді. Жол үстінде жеккен аты арам қатады. Бұл қырсықтың басы ғана екен. Өгізін сатудан түскен бар ақшасынан айырылып, күн көрісі қиындайды, салы суға кетеді. Жұмысқа тұрайын десе, ақшасымен бірге документі де қолды боп кеткен. Енді қайтпек? Бір күні әбден титықтаған Қартқожа түс көреді. Түсінде әжесі аян береді. Аян беруі мұң екен – бас кейіпкердің тағдыры күрт өзгереді. Қартожа жұмысшы факультетіне түседі. Түскен бойда мұратына жеткендей қуанышқа бөленеді. Соған сай шығарманың стилі де өзгереді. Суреттен публицистикаға, оның да бір ақпараттық қана мәні бар жеңіл-желпі түріне ауысады.

«Қартқожа өзгерді. Бұрынғы соқыр нанымнан, діншілдіктен, ісім ағзамнан тазарды. Елді надан қып жүрген, құлқынның құлы, өзі надан қожа-молдалар екенін білді. Бұрынғы жабығу, уайым-қайғының бірі жоқ. Қартқожа талапты, жігерлі, жалынды жігіт болды. Бұрын жуаннан қалай теңдік алудың жөнін біле алмай жүрген Қартқожа енді тап тартысы не екенін білді. Тап тартысына Маркстің көзімен қарап, қазақтың шаруа жайын, өнеркәсібін өндіру қатынасын зерттейтін болды».

Бұл – кәдімгі газет сөзі. Автор «Маркстің көзімен қарау» мәнісін ол кездегі шала сауатты елге түсіндіре кетуді де қажет деп таппайды. Бейнебір мәлімдеме, декларация стиліне көшкендей әсер қалдырады. Бір ғажабы, осы декларацияның қаңқу сөз екенін, жазушының романдық бипаз суретінен айырылып, саяси конъюнктураға беріліп кеткенін біле тұра, «Кім», «Еңбекті елге қыл» деген ең соңғы тараушаларын қаттының аяғы тәтті болады деген мәтелге балап, күмәнсіз қабылдайсың. Қартқожаның «өзгерісіне» қол соғасың. Автордың судыратпа мақамға ауысқанын да құптайсың. Неге? Себебі әрқилы.

Аймауытов романының арзан саяси ұранға үн қосқан үгіт-насихатына құлақ асатынының, ең әуелі романның бұған дейінгі мазмұны пішініне сай сұлу суретті сүбелі бөлегінің әсері. Кітапты соншалық іңкәрлікпен оқитын баланың түбінде адам болады деген дәмеден нәтиже шығуының арқасы.

Тағы да бір себеп романның жанрлық табиғатынан табылады. Бұл жанрдың іші неше түрлі оқиға, әңгімелерді аңыз, ертегілерді қабылдай беретіні бар. Қалауын тапсаң қар жанады дегендей, газет мақаласын, не кеңсе папкасының тігісіндегі ақпарларды кіргізсе де, жөнін тауып қисынын келтірген романнан оқылмайтын сөз қалмайды…

Оның бер жағында әңгімеші автордың әдемі хикаядан ауытқып, кенет шымқай қызыл матамен көмкерілген мінберге шығып алып, қызыл сөзді үсті үстіне төпелеуінің мән-мәнісіне де бүгінгі көзі қарақты оқырман кешіріммен қарайтынында шәк жоқ. Бір есептен, Жүсекең жаптым жала, жақтым күйе стилінде байбалам салатын сыннан, оның тоталитарлық айтақтаушыларынан сақтанды ма екен деп ойлайсың. Сол кездегі дөрекі сынның ұртоқпағы Ғаббас Тоғжанұлы не демеді, «жау», «контрреволюция» деген айыптарды үйіп-төкті. Ел-жұртты «жауыз большевиктерге» айдап салып отыр деген арандатуларға барудан жүзі жанбады.

Алайда «Қартқожа» романын бас алдырмай оқытатын себептің ең бастысы – оның қазіргі біз өмір сүріп отырған дәуірмен үндестігі, оның бүгінгі таңдағы келелі міндеттеріне жанасымдылығы. Қазіргі тәуелсіз еліміздің диірменіне су құятын зәру тақырыпты, мәні зор көркемдік ой толғамдары. «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деген әуенге салатын ұлттық жалынды пафосы.

Бүгінгі күнмен үндес тақырыптың бірі – 1916 жылғы халық көтерілісінің суреттелуі. Бұл бір адамның оттығынан тұтанды дейтін қозғалыс емес-ті. Ереуіл атқа ер салған қазақ елінің өзі екені «Қартқожа» романының «Көтеріліс», «Жасақ», «Күрес», «Байтал жоқ», «Тамақ», «Ән» атты тараушаларында жеріне жеткізе, шынайы суреттелген. Соғысқа барып, Ресейге болысқанда, он тоғыз бен отыз бірдің арасындағы қазақ жігіттері кімді қорғамақ? Ақ патшаны ма? Не үшін? Қазақ елін боданым да болса, өз жұртым деп аяды ма? Жоқ, жаны ашымастың қасында балтырым сыздамасынды істеді. Мемлекеттілігінен, елдігінен айырып, табанына салып езіп-жаншығаны аз көрініп, жер-суынан, ата қонысынан түріп шықты. Автор осы тақырып төңірегіндегі ойларын үдетіп, жүрекке шемен боп қатқан шерін тарқатады.

Ер туғызбайтын ел болмайды. Өзінің жеке басының қазақ ұғымындағы батырлық қасиеттерімен, сегіз қырлы, бір сырлылығымен топжарғандар 1916 жылғы көтерілісте де шыққаны – табиғи заңдылық. Сондай бесаспап — романның әр тұсынан қылаң беріп көрініп жүретін Дәрмен есімді Баян тау жігіті. Оның көтерілісшілер отырысында салған әніне автор қазақ елінің трагедиялық тағдырын сыйғызуға тырысқан. Дәрмен әнінің мына бір сөздеріне құлақ түріп көрелік.

Дәрмен «қазақтың еркін күнін, ескі дәуірін жоқтады, бұрынғы өткен ерлерді, батырларды, билерді жоқтады. Ол күндегі байлықты, берекені, бірлікті, ерлікті, серілікті өлеңге қосты. Бері таман келген соң, қазақтың алты ауыз болып орысқа бағынғанын, елдің азғанын, жаттан көрген зорлығын, қала салғанын, жерді хақол алғанын, қол-аяқты кісендеп, жылдан-жылға өрісті тарылтып бара жатқанын сөйледі. Бір жағынан қазақтан шыққан жақсылар елдің қамын ойламай, шенге, шекпенге мастанып, елді қанап, пара жеп, жауыздыққа салынғанына кектенді». Бұны «Қартқожа» романының кредосы, негізгі жыры десе де болады. Налалы зары, отаршы патшаға қарсы қарғысы десе тіптен дұрыс. «Қазақтың ескі күнін, ескі дәуірін жоқтаған» жұрт төмен қарап, жер шұқылап отырып қалады. Тыңдаушылардың бірі «Қартқожа не болғанын білмеді. Аузын ашып, қалшиып, көзінің жасы бетін жуып отыр, анда-санда әр жерден солқылдаған, ішін тартқан дыбыс естіледі».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *