Өткен ғасырдың екінші жартысынан климаттың өзгеруін көптеген ғалымдар атмосферада «парник газдары» деп аталатын — көмір диоксиді (С02), метан (СН4), хлорфторкөміртектері (фреондар), озон (03), азот оксидтерінің жинақталуымен байланыстырады. Парник газдары, әсіресе С02 жер бетінен ұзын толқынды жылу сәулелерінің өтуіне кедергі болады. Г. Хефлингтің (1990) ойынша парник газдарымен қаныққан атмосфера жылыжай шатыры тәріздес болады. Ол ішке Күн сәулесінің көп бөлігін өткізіп жерден қайтқан жылуды сыртқа жібермейді. Көп мөлшерде отын: мұнай, газ, көмір және т.б. жағылуға байланысты атмосферада С02 конңентраңиясы үнемі өсуде.

Атмосфераға тасталған өндірістік және тұрмыстық қалдықтар есебінен фреондар (хлорфтор-көміртегі) мөлшері де өсуде. Жылына 1-1,5% (кен өндіру қалдықтары, биомасса жағудан, ірі қара малдардан бөлінген) метан мөлшері де артуда. Аз болса да атмосферада азот оксидтерінің (жылына 0,3%) мөлшері де өсуде.

«Жылу әсерін» тудырататын бұл газдардың жинақталу салдарынан жер бетіндегі ауаның жаһандық орташа температурасы көтерілуде. Соңғы 100 жыл аралығында ең жылы болған 1980, 1981, 1983, 1987 және 1988 жылдар. 1988 жылы жылдың орташа температурасы 1950-1980 жылдармен салыстырғанда 0,4°С жоғары, ал 2005 жылы 1,3°С жоғары болды. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы халықаралық топтың жасаған баяндамасына жүгінсек 2100 жылдары Жердің температурасы 2-4°С жоғарылайды. Жылу масштабы осы салыстырмалы қысқа мерзімде Жердегі мұз дәуірінен кейінгі жылынумен теңестіруге болады, олай болса бұл экологиялық апат. Бұл біріншіден әлемдік мұхиттар деңгейінің көтерілуі, полярлық және тау мұздарының еріуі. Мұхиттар деңгейінің XXI ғасырдың соңында 0,5-2,0 м дейін көтерілуінің экологиялық салдарын болжай отырып, ғалымдар бұл климаттық тепе-теңдіктің бұзылуына, теңіз маңындағы 30 елді су басуына, үлкен территорияның батпаққа айналып басқа да жағымсыз салдарларға әкелетінін айтады.

Біраз ғалымдар (Вронский В.Ф., 1993; Экологические последствия парникового эффекта, 1993) жаһандық климаттың жылынуынан жағымды экологиялық салдарын болжайды. Атмосферадағы С02 концентрациясы мен оған байланысты фотосинтездің өсуі, сол сияқты климат ылғалдығының артуы, олардың ойынша табиғи фитоценоз (орман, шабындық, саванна) және агроценоз (мәдени өсімдік, бақша, жүзімдік) өнімділігін арттырады.

Қызған газдардың климаттың жаһандық жылыну дәрежесіне әсері туралы әлі де ортақ түсінік жоқ. Климаттың өзгеру мәселесі бойынша мемлекетаралық сарапшы топтар соңғы жылдары байқалған климаттың 0,3-0,6°С жылынуы климат факторлары өзгеруінен болады деп түсіндіреді.

Осы мәліметтерге байланысты академик К.Я. Кондратьев (1993) «парниктік» жылуды тек қызған газдарды қысқарту нәтижесінде климаттың жаһандық жағымсыз өзгерістерін тоқтатамыз деп санауға болмайды деген, Оның ойынша климатқа әсер етуші жаһандық маңызды антропогендік фактор — биосфераның жұтаңдануы. Олай болса, жаһандық экологиялық ең негізгі қауіпсіздік факторы — биосфераны сақтау. Адам қуатты техниканы қолдану нәтижесінде құрлықта өмір сүруші табиғи ағзалар қауымдастығының 60%-ын істен шығарды. Нәтижесінде климат жағдайын тұрақтандыратын, бұрын биотада тіршілік ететін олардың көп бөлігі биогендік зат айналымынан шығып қалды. Осылай ағзалар қауымдастығынан айырылған биосфера атмосфераға көмір диоксиді және басқа да қызған газдар шығарып тастайтын негізгі көз болып табылады.

Торонтода (Канада) 1985 жылы өткен халықаралық конференцияда барлық әлем энергетиктерінің алдына 2005 жылы көміртегінің атмосфераға шығаратын қалдықтарын 20%-ға қысқарту міндеті қойылды. Мұның экологиялық тиімділігін экология саясатының жаһандық бағыты — мүмкіндігінше ағзалар қауымдастығын, табиғи экожүйе мен Жер биосферасын сақтағанда ғана сезінуге болады.

Соңғы жылдары әлемнің алдыңғы қатарлы сарапшылары адам қызметінен туындаған жаһандық жылынудың ертеде есептелген мәнінен жоғары болуы мүмкін екенін ескертеді. Еуропада жиі қатаң ауа райы мен аса күшті жауынмен алмасқан ылғалды қыс, эксперттер күткен жаһандық жылыну құбылыстарымен сәйкес келуде. Адам құрбандығына әкелген күшті дауыл Францияның солтүстігін, Британияны, Ирландияны басып өтті.

Ғалымдардың болжамы бойынша атмосферадағы С02 концентраты екі есеге өскен жағдайда орташа температура 3-4°С өзгеруі мүмкін. Бұл әр түрлі зоналарда жауын-шашын мөлшерінің біраз өзгеруіне әкеледі.

Ауа температурасының жоғары ендіктерде 3-4°С жоғарылауы климатологтардың болжамы бойынша полярлық мұздардың қалыңдығының азаюына, мұхит деңгейінің көтерілуіне және бірқатар территорияларды су басуына, Жер шарының климаттық орналасу зоналарының өзгеруіне әкелетінін айтады.

«Жылу әсерінің» салдарынан болатын климаттың өзгеруі жалпы әлемдік көлемдегі проблема болып табылады және қоршаған ортаның жай-күйіне барынша ықтимал қауіп төндіреді.

Қазақстан 1995 жылы Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ Үлгілік конвенциясын бекітті, ал 1999 жылы Киото хаттамасына қол қойды. Аталған хаттаманы бекіткен және ол күшіне енген жағдайда Қазақстан жылу газдарының шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелерді өзіне жүктеді.

1997 жылы қабылданған Киото хаттамасына сәйкес өнеркәсібі дамыған елдердің 2008-2012 жылдары атмосфераға тасталатын парник газдары 1990 жылғы деңгейімен салыстырғанда 5%-ға қысқаруы керек. Сол сияқты хаттама осы шешімді орындау механизмін де анықтайды. Бұл механизмдердің нақты бөліктері 2000 жылы қарашада Гаагада өткен конференцияда айтылып, шешім бойынша индустрияланған әр ел өздерінің шығарылымдары бойынша ұлттық саясат жүргізуі керек болды. Тасталымдардың қысқаруы табиғи сіңірушілер, мысалы, С02 мөлшерінің орманның көмегімен қысқартылмауы ескертілді.

Көптеген елдер көміртегінің кемеліне келген ормандар мен топырақтың табиғи сіңіруін және тасталымдардың қысқаруын өздерінің жеке еңбектерінің нәтижесі деп есептеуде.

Қазақстанның Киото хаттамасын бекітуінің мақсатқа лайықтығын айқындау үшін 2004 жылы қызған газдардың шығарындыларын қысқарту жөніндегі сандық міндеттемелердің Қазақстанның экономикасына әсері туралы мәселелер бойынша зерттеулер жүргізілді. Киото хаттамасын бекіткеннен кейін нақты жобалар мен іс-шараларды іске асыруды көздейтін Қазақстан Республикасында қызған газдардың шығарындыларын азайту жөніндегі 2015 жылға дейінгі бағдарлама әзірленетін болады.

Қолданылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., — Алматы: Өнеркәсіп экологиясы, 2011. -262 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *