Қазақстанда қазіргі заманғы агроөнеркəсіптік кешенді дамытуды қолдау институттары

«ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі. Ауыл шаруашылығы саласын біз тек қана мал мен егін деп түсінсек, қателесеміз. Ол – күрделі əлеуметтік-экономикалық жүйе. Тамақ өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы шикізаттарын беру арқылы халықтың өмір сүруін қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен бірге ауылдық жерде тұрушы халықтың тұрмыс-тіршілігін, олардың өмір сүру жағдайы мен сапасын реттейді. Ауылды көтерудің нақты жолы ретінде Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты мекемелердің мемлекеттік активтерін корпоративті басқару сапасын арттыру үшін 2006 жылы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 100 пайыз мемлекет иелігімен «ҚазАгро» Ұлттық Басқарушы Холдингі (ҰБХ) құрылды. Оған 1 кестеде көрсетілген «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы», «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Азық- түлік келісім-шарт корпорациясы», «Мал өнімдері корпорациясы», «Астық кепілдіктері бойынша міндеттемелерді орындауды сақтандыру қоры» (ҚазАгроГарант), «Қазагромаркетинг» секілді жеті акционерлік қоғам бірікті.

Ұлттық холдинг құрылғанға дейін, бұл акционерлік қоғамдар Ауыл шаруашылығы министрлігінің басқаруымен қызмет атқарды. Ұлттық холдингке берілген жеті акционерлік қоғам мемлекеттік пакетінің акциялары АӨК субъектілерінің кредиттеу бойынша институционалдық қызметтер көрсету, лизингтік қызметтер атқару, астық пен мал өнімдерін сатып алу бағдарламасын орындау, ауыл тұрғындарын микрокредиттеу, егіншілік пен мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау құрылымдарын дамыту, астық жəне мақта кепілдемелері арқылы міндеттемелерді орындау, ауыл шаруашылығын сақтандыру, АӨК субъектілерін ақпараттық-маркетингтік қолдау бағыттарындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырады.

Холдинг құрылған жылдар ішінде қоғамда ауыл шаруашылығындағы даму институттарының қажетті-қажетсіздігі туралы екіұдай пікір əлі күнге дейін тайталасып келеді. Бір топ саясаткерлер мен ғалымдар: «бұл бүйен секілді керексіз элемент, олардың істерін министрлік де атқарып жатқан еді» десе, екінші топ бұл институттарды қажетті санайды.

Жаңаша істің жүзеге асуына 2001 жылдың соңында құрылған ауыл шаруашылығын несиелендіруді жүйелі жолға көшіруге арналған акционерлік қоғам түрінде құрылған жаңа қаржы институттары міндетті болды, яғни аграрлық салаға берілетін мемлекеттік қаржы бағыттар бойынша бөлініп, бір орталықтан игерілетін болды. Ауылды қолдаудың нақты көрінісі ретінде 2003- 2005 жылдарға арналған мемлекеттік азық-түлік бағдарламасының қабылданып, жүзеге асырылуы да аграрлық саланың жүйелі түрде жетілуіне серпін берді. Сөйтіп бұл құрылымдар бір холдинг аясына біріктірілді.

Холдингтің алдына бөлінген қаржыларды жүйелеу мен басым бағыттарға жұмсау арқылы аграрлық салаға берілетін мемлекеттік инвестициялардың тиімділігін арттыру; аграрлық өндірістік жəне сервистік инфрақұрылымды дамыту; агроөнеркəсіп кешенінде кластерлік жүйенің енгізілуіне ықпал жасау; ішкі азық-түлік реттеу жəне тұрақтандыру; АӨК өнімдерін экспортқа шығаруды дамыту жəне корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыру секілді заман талабына сəйкес міндеттер қойылды. Бүгінгі күні «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі осы мақсаттарды жүзеге асыра отырып, агроөнеркəсіптік кешеннің индустриалдық-инновациялық тұрғыдан дамуын ынталандыруға, өзіне бағынысты құрылымдарда нəтижелілік, ашықтық пен тиімді корпоративтік басқару қағидаттарын берік орнықтыруға ұмтылыс танытуда.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның мақсаты – несиелеудің корпоративтік басқарудың таңдаулы əлемдік тəжірибесіне сай келетін ауылдық жердегі бəсекеге қабілетті кəсіпкерлікті дамытуды ынталандыратын қолжетімді жүйесін қалыптастыру.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның соңғы он жыл ішіндегі атқарған негізгі жұмысы ретінде елімізде 160-тан аса кредиттік серіктестіктер ашылып, шаруаларды несиелеумен айналысып жатқанын айтуға болады. Ауыл шаруашылығындағы құрылымдарды кооперациялау ісі қолға алынған жылдар ішінде өнімді өндіру, дайындау, қайта өңдеу, сақтау мен сату істері нақты қолдауға ие болды.

«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның мақсаты – ауылдық жерде микрокредиттеу мен сақтандыру қызметін дамыту арқылы қаржылық жəне сақтандыру қызметінің жеткіліктілігін қамтамасыз ету жəне стандартты ішкі тəртіпті енгізу арқылы компанияның кəсібилік деңгеін көтеру. Бұл қор негізінен ұсақ шаруалар мен ауыл тұрғындарына микро-кредиттер берумен айналысады. Осы жұмысты үйлестіру үшін еліміздің заңнамасына сəйкес 50-ден астам микрокредиттік ұйымдар ашылған, олар барлық аудан орталықтарында жұмыс істейді. Қор микрокредиттер тарату арқылы 80 мыңдай отбасының ұсақ қажеттіліктерін шешуге жəрдем болды.

Құрғақшылық салдарынан жəне жемшөп өндірудің кеміп кетуі нəтижесінде оның бағасының өсіп кетуіне байланысты Қор «Мал азығы» деген бағдарлама бойынша несие беріп жатыр. Қор сондай-ақ минижылыжайлар сатып алып орнатып пайдалану жобаларын қаржыландыруда. Осы арқылы мектептердің, басқа да мемлекеттік мекемелердің аумағында бос жатқан 0,03- жерге жылыжайлар орнатып, сол ұйымдарды қысы-жазы көкөніспен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ Қор мұндай мини жылыжайларды тұрғындарға лизинг жолымен беру ісін де ұйымдастыруда.

«ҚазАгроӨнім» (бұрынғы атауы «Мал өнімдері корпорациясы») АҚ-ның мақсаты – мал шаруашылығы өнімдері нарығын дамыту жəне жеке сектормен өзара тиімді əріптестік жағдайында өнімдердің экспорттық əлеуетін арттыру, компания қызметінің тиімділігін, ашықтығы мен жариялылығын арттыру. «Астық жəне мақта кепілдіктерін орындау міндеттемелерін орындауды кепілдендіру қоры (ҚазАгроГарант) АҚ-ның мақсаты – агроөнеркəсіптік кешенді несиелеуді дамыту, коммерциялық емес негізде астық жəне мақта қолхаттарын ұстаушылардың тəуекелін кепілдендіру көлемін арттыру арқылы барынша азайту.

«ҚазАгроГарант»астық жəне мақта кепілдіктерін орындау міндеттемелері жүйесін жетілдіру қызметтерімен нақты айналысуда. Осы кепілдіктерге арқа сүйеген екінші дəрежелі банктер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие беру үстінде. Соның нəтижесінде шаруалар өздерінің өнімдерін лайықты бағаға сату мүмкіндігіне ие болып отыр.

Қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығарумен холдингтің еншілес компаниясы «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚайналысады. Оның мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жəне астық өнімдері мен оның қайта өңделген өнімдерін экспорттайтын елдердің арасында Қазақстанның беделін арттыру, сөйтіп халықаралық рейтингтік агенттіктердің арасында жоғарғы бағаға ие болу. Астық сатуды жақсарту мақсатында бұл компанияның қаржысына елімізде жəне шет елдерде астық қоймалары, диірмендер жəне астық терминалдары салынып, іске қосылуда.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның мақсаты – бизнес жүргізудің жоғарғы стандарттары, тұрақтылық пен сенімділік негізінде техникалық жəне технологиялық жаңарту бойынша қолжетімді қаржылық қызмет көрсету арқылы бəсекеге қабілетті жəне экспортқа бағдарланған агроөнркəсіптік кешен қалыптастыру.

Холдингке қарасты «ҚазАгроҚаржы» АҚ құрылғалы бергі жылдар ішінде ауыл шаруашылығына қажетті түрлі техникалар; егіс кешендері, комбайндар, тракторлар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін құрылымдар сатып алынды.

Бұдан басқа «ҚазАгроҚаржы» арқылы тамшылатып суару, «No-Till» топырақты жаңаша өңдейтін ресурссақтаушы технологиялары тауар өндірушілерге лизингке сатып əперілді. Тамшылатып суру əдісін енгізу бүгінде өз нəтижесін бере бастады, бұл технология пайдаланылған жерлерде өнімділік ашық жер қыртысымен салыстырғанда 50-70 пайызға артты.

Мал шаруашылығын өркендету, 2016 жылға қарай жылына 60 мың тонна етті экспортқа шығарып, табыс алуды астық өндірісімен теңестіру жолында «ҚазАгро» кешенді шараларды қолға алды. Соның нəтижесінде елімізде мал бордақылау алаңдары, асыл тұқымды мал өсіру, фермерлік шаруашылықтарды нығайту, мал сою пункттерін жасау мен ет өңдеуші кəсіпорындарды құру секілді жалғасты жұмыстар жүзеге асуда.

«Қазагромаркетинг» АҚ-ның мақсаты АӨК субъектілеріне ауыл шаруашылығы тауарлары мен қызметін үйлестіретін нарықтық инфрақұрылымды қалыптастыру, сол арқылы АӨК субъектілерінің өңірлік дамыған ақпараттық орталықтар мен қазіргі заманғы IT-технологиялар көмегімен ақпараттық ресурстар мен кеңесшілік қызметке қол жеткізуін қамтамасыз ету.

Холдинг құрамындағы «Қазагромаркетинг» АҚ еліміздегі фермерлерді оқыту, оларға ақпарат беруді жақсарту шараларын жүзеге асыруда. Бүгінде еліміздің барлық селолық аудандарында оның филиалдары ашылып, өңірлік ерекшеліктерге орай іс атқаратын жүйе қалыптастырылып, тұрақты түрде консалтингтік жəне ақпараттық істерді барынша түсінікті əрі дер кезінде жеткізіп отыруға жұмылдырылған.

«ҚазАгро» ұлттық холдингінің ұйымдастыруымен еншілес компаниялар көктемгі егіс жəне егін жинау науқандарындағы агротехникалық шараларды дер кезінде жүргізуге қажетті қаржы таратуды да қолға алған. Қазіргі астықтың мол өнімділігінде холдинг ұйымдастырған істердің үлесі едəуір.

Сонымен, мемлекеттің басты мақсаты – елімізде азық түлік бағасының ойнамалылығын, өңірлерде азық-түліктің кейбір түрлерінің тапшылығын болдырмау десек, онда елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін елде шығарылатын тамақ өнімдерінің əрбір түрінен тым болмағанда 70 пайызы өзімізде өндірілуі жəне қайта өңделуі тиіс екен. Тек сол жағдайда ғана сол өнімдердің бағасын қалыпты жағдайда ұстап тұра аламыз. Бүгіндегі баға тұрақсыздығы жағдайында бұл мəселе өте маңызды.

Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ірі қалалар төңірегінде азық-түлік белдеуін жасау бағдарламалары бар. Ол бағдарламалар қалалардың төңірегіне түрлі қоймалар мен өңдеу цехтарын ашу ғана шектелмей аймақтармен мықты логистикалық байланыс орнату мəселесін жолға қоймақ. Қай өнімді қай жақтан жеткізіп тұру тиімді əлі қолайлы екені зерттеліп, əрбір өңір сол өнімдерге мамандандырылуы, сөйтіп бір орталықтан басқарылып отырылуы керек. Мысалы, көкөніс – оңтүстікте, күріш – Қызылордада, қарақұмық – Талдықорғанда, балық – теңіздер мен көлдерде мол болса, соны жеткізіп тұруды ойластыру қажет. Жылдың үш мезгілінде от жағуға тура келетін орталық жəне солтүстік өңірлерге жылыжайлар орнату қажетсіз. Өйткені бір кило қызанақты өндіруді жылыту үшін кететін шығын ол өңірлерде суық болғандықтан 45 теңге түссе, ал оны Оңтүстіктен тасымалдауға бар болғаны 10-17 теңге ғана кетеді екен. Бұл іс жүйелі түрде ұйымдастырылған жағдайда өзіндік құн мен жол шығынын бұдан да төмендетудің жолдары жоқ емес.

Осы істерді ұйымдастыруда жергілікті əкімшіліктермен қоса «ҚазАгро» Ұлттық холдингі де тізе қоса жұмыс атқарып келеді, олар шаруаларға ашық əрі жұмысты екі жақты тиімділік деңгейінде атқаруға əзір болуымен қатар өз жұмысын да жаңаша ұйымдастырып келе жатыр. Алдағы кезде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауға бөлініп жатқан орасан зор көлемдегі қаржыларды ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізуді жауапкершілікпен, ұқыптылықпен, жобалардың тиімділігі мен қайтарымдылығына баса көңіл бөліп жүргізе беретіндігіне сенім зор. Бұған холдингтің əлеуеті жетеді деуге толық негіз бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *