Атом қаруын біздер тек денеге сіңетін радиация және радиоактивтіктің жұғу көздері ретінде ғана қарастыруымызға байланысты бізге негізгі мағлұмат беретін В.А.Орлов пен Н.Н.Сокованың жалпы редакциясымен жарық көрген жоғары оқу орындарына арналған «Ядролық таратылмау» атты оқулығы (ПИР-орталығы. Саяси зерттеулер. М., 2000), «Арыстан мен атом. Ядролық ғасырды жасаушылар» («Воскресенье» газет-журнал бірлестігі. М., 2003), «Семей полигоны» (Алматы: Қазақстан, 1992) басылымдары мен газет-журналдарда жарияланған материалдар.

Тағы да айта кететін жағдай — атом қаруының негізінде атом энергетикасының негізін құрайтын радиоактивті изотоптар болатыны бізге кітаптың өткен тарауларынан таныс. Атом ядросының бөлшектену реакциясы әсері атом бомбасыныың негізі болса (А-бомба), синтездік (жасанды) реакцияның әсері термоядролық қару немесе сутегі қаруы (Н-бомба) негізі болып табылады. Осы аталған атом қарулары ядролық қару-жарақ деген атпен біріктіріліп айтылады.

Ядролық қарудың жарылғандағы энергиясының көлемін төмендегі келтірілетін мәліметтерден көруге болады. Егерде бір грамм 235 уранның ядролары толық бөлшектелген жағдайда 23 мың киловатт/сағат электр энергиясының қуатына парапар екен! Ал бұл үш тонна мұнай немесе көмір жағумен тең. Әскери салада 57 грамм ядросы бөлшектелетін заттың шығаратын энергиясы бір мың тонна қарапайым тринитротолуол жарылғышының қопарылысынан шығатын энергиясына эквивалент болады!

Сондықтан да ядроның бөлшектенуінен пайда болатын энергия көзіне ғажайып таңғалушылықпен қараудың әбден жөні бар. Біздің таңдануымыз бен қорқынышымыз мына цифрларды көргенде одан ары асқына түседі: егер 10 миллион градус ыстықтық уран мен плутоний изотоптарының бөлшектену реакциясы немесе атом бомбасының қопарылысы нәтижесінде пайда болатын болса, термоядролық (сутегі) бомбасының қопарылу нәтижесінде қызудың күші атом бомбасына қарағанда он не одан да көп есеге артады екен. Атом бомбасы термоядролық бомбаның қоздырғышы ретінде пайдаланылады… Осыншама жылу энергиясы сутегінің изотоптары дейтерийге (сутегі-2) және тритийге (сутегі-3) тән.

Ауыр су (дейтерийі бар) өзінің атом реакциясы кезінде пайда болатын нейтрондардың жылдамдығын баяулататын қасиетіне байланысты энергетикалық реакторлардың реттеушісі рөлін атқарады. Осы принципті қолданып ауыр суды пайдаланатын CANDU сияқты реакторлар басқарылады. Ал тритийді алатын болсақ, ол термоядролық қарулардың негізгі құрамына жатады. Дейтерий мен тритий өте күрделі технологияларды пайдалану нәтижесінде өндіріледі. Оларды дүние жүзінде санаулы ғана мемлекеттер шығара алады.

Жоғарыда келтірілген мағлүматтарды қорыта келіп, біздің басымызға адамзат плутонийді «ауыздықтағаннан» соң (әлде бұрын ба), сутегі изотоптарын «ауыздықтауды» қолға алар деген ой келуі әбден ықтимал. Бұның өзі жасанды күш!?

Бұның тағы бір аса пайдалы жағы, мысалы, тритийдің жартылай ыдырау мерзімі 12,3 жыл болса, 239 плутонийдікі — 24,1 мың жыл! Басқаша айтсақ, сутегі изотоптары плутоний сияқты шексіз қауіп төндірмейді.

Атом бомбасын жасау принциптері қазір бұрынғыдай құпия емес. Ядролық қару-жарақты қазіргі кездегі жасаушылары бөлінгіш заттардың ең төменгі (критикалық) салмағын азайтуға тырысады. Ең төменгі масса деп бөлшектелетін материалдардың белгілі бір ядроның тізбек реакциясын сақтап отыратын ең төменгі көлемі (салмағы).

Ең төменгі массаны (ЕТМ) қуыс домалақ қалыптағы металдың белгілі бір жағдайында есептейді. Әскери салада ЕТМ одан әрі азайтуға тырысады. Мысалы, егер жарылғыш заттарды нейтрондарды қайта қайыратын бериллий және табиғи уранмен ораса, ең төменгі массаны екі есе азайтуға болады екен, егер бөлінгіш материалдарды ішке бағытталған сырты жарылыс қысымның күшімен (имплозия) қысса, бұдан да ары екі есе азайтуға болады екен.

Ядролық қопарылыс қондырғысын жасау үшін есеп бойынша ЕТМ 235 уранының 52 килограмы, 239 плутонийдің 11 килограмы керек болады деп саналса, МАГАТЭ 235 уранының 25 килограмы, 239 плутонийдің 8 килограмы жеткілікті деп санайды.

Ядролық мамандар бір бомбаға жарылғыш материалдардың — 235 уранның 20 килограмы, немесе 239 плутонийдің 4,7 килограммы жеткілікті болар деген болжам айтады. Ал теориялық болжам бойынша, 239 плутонийдің бірнеше жүз граммы ЕТМ қүрауы мүмкін.

Мысалы, Семей ядролық полигонында қалған оқ бар болғаны бірнеше жүз грамм плутонийден тұратын. Ол 1995 жылдың 31 мамыр айында қарапайым жарылғыш арқылы істен шығарылды. Ядролық қопарылыс жасауға Қазақстанның алған халықаралық міндеттері жол бермеді. Осының нәтижесінде плутоний шашылып қалды және оның зияны өте зор. Қопарылыс бұндай жағдайға әкелмес еді.

Енді бұрынғы КСРО-ның Белоруссия, Украина және Қазақстан одақтас республикаларындағы ядролық қару-жарақтарының қандай халге ұшырағаны туралы айтайық.

Одақтың ыдырауының алдында Белоруссияның аумағында 81 стратегиялық ракета және 725 тактикалық ядролық оқтұмсықтар болды.

Қазақстан аумағында 1410 стратегиялық ядролық оқтұмсықтар, оларды алып ұшатын СС-18 типті 104 континентаралық ракеталар орналасқан еді. Әскери-ядролық кешенге Байқоңырдағы ядролық қаруды алып ұшатын қондырғыларды сынақтан өткізетін орталық және ядролық оқтарды жинап, ең соңғы белгіленген қалыпқа келтіру кешені Курчатов қаласында болды.

Украинаның жерінде өте қомақты әскери ядролық потенциал болатын: олар СС-24 типті әрқайсысы 10 оқтұмсықпен жабдықталған 46 стратегиялық ракета, СС-19 типті әрқайсысының 6 оқтұмсығы бар 130 ракета, 4200-ге жуық тактикалық ядролық қару-жабдықтар.

1991 жылдың 21 желтоқсанында Алматы қаласында Белоруссия, Қазақстан, Россия, Украина Алматы Келісімін қабылдады және осы Келісімге сәйкес ядролық қару-жарақтар және оларды алып ұшатын ракеталар Ресейге көшірілетін болды.

1994 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Ядролық қарудың таратылмайтындығы келісім-шартының толық мүшесі болып, ядролық елдер қатарына жатпайтын мәртебеге ие болды. Сол жылы АҚШ «Сапфир операциясын» іске асыру нәтижесінде, сақтауға қажетті жағдай жасалмағандықтан, Өскемендегі өндіріс кешенінен 600 кг жоғары байытылған уранды (ЖБУ) алып кетті.

Кеңестер заманынан бері Өскемендегі Үлбі металлургия зауытында атом қаруын жасауға жарайтын 600 килограмға жуық жоғары байытылған уран-235 сақталып келді. Бұл уран мұнда қайдан пайда болды деген сұраққа 2007 жылдың 9 шілдесінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Владимир Божко «Хабар» телеарнасында былай жауап берді:

«XX ғасырдың 80-ші жылдары Кеңестер Одағында өте құпия жағдайда К-162 атом сүңгуір қайығы жобасы іске асырылды. Оның су астындағы жылдамдығы сағатына 80 километрге жеткен! Бұл еш елде жоқ техникалық жетістік болатын. Осы маркалы сүңгуір қайықтар АҚШ-тың ұшақтар алып жүретін алып кемелерін жоюға бағытталған екен. Оның аталған жылдамдығын қамтамасыз ету үшін өте қуатты ядролық энергия қондырғысы (атом реакторы) пайдаланылыпты. Сол қажетті қуатты тек жоғары байытылған уран-235 пен бериллий металы қоспасы бере алады екен! Ал Үлбі зауыты дүние жүзінде бериллий өңдіретін екі ғана өндіріс орнының бірі болатын-ды. Алайда аталған жүйрік сүңгуір қайық өз міндетін орындай алмайтын болып шығады: жүзгенде қатты шу шығарады екен және жіберетін торпедалары нысанаға дәл жете алмайды екен. Қарсы жақ қайықты осы себептермен тез тауып алады. Сонымен, 1985 жылы К-162 сүңгуір қайықтарын жасау жұмыстары тоқтатылады да, оның реакторының отыны ретінде әкелінген 600 кг байытылған уран Үлбі зауытының қоймаларынды қалып қояды. Осы жоғары байытылған уран көлемі 5 литрлік құбырларда сақталады.

Ең қызығы, осы туралы америкалықтарға хабарлаған кезде, олар бұған сенімсіз қарап, көптеген мамандандырылған комиссияларды тексеруге жібереді. Дұрыстығына әбден көздері жеткен соң, АҚШ Үкіметі Қазақстан Үкіметімен бірлесе отырып «Сапфир операциясын» 1994 жылдың қазан айында іске асырады. Өскемен қаласының әуежайына америкалық үш алып әскери-тасымалдау ұшақтары келіп қонады. Байытылған 600 кг уранды қауіпсіздікпен жүктеу үшін 120 тонна құрал-жабдық алып келеді. Қас қылғандай, осы арнаулы жүкті зауыттан әуежайға апаратын жол мұз-тайғаққа айналып, аэропортқа қауіпті жүк әрең жеткізіледі. Бүкіл қала халқы осы оқиғаны біліп қояды. Сонымен, арнаулы жүк тиелген үш алып ұшақ Америкаға бет алады, еш жерге қонбастан, Испания аспанында жанар май құйып алып, АҚШ-тың Ок-Ридждегі ядролық кешеніне аман-есен жетеді. Қазақстанның бұл атом қаруын жасауға жарайтын байытылған уранына АҚІП Үкіметі депозитарий болуға міндеттенді. Осы уран 20-дан 40-қа дейін әр түрлі қуаты бар атом әскери қондырғыларына жетеді екен!

Сөйтіп, бұл ғажайып оқиға жақсылықпен аяқталды. Арғы жағы қалай болатындығы бір Аллаға ғана айқын шығар!». Жоғарыда айтылған телехабарда Ұлттық қауіпсіздік комитет қызметкерлері 1994 жылы Үлбі зауытынан ұрланған, 5 кг төмен байытылған, АЭС-тің отыны ретінде пайдаланылатын түймешіктерді (таблеткаларды) 90 мың АҚШ долларына сатпақ болғандарды қолға түсіреді. Әрине, ол түймешіктер атом қаруын жасауға жарамаса да, көп жылдар бойы адам денсаулығына зиян келтіретін радиациялық «үнсіз» қару жасауға әбден қолайлы.

Тағы да айта кететін бір жағдай — Өскемендегі аталған кәсіпорын қазақстандық атом энергетикасы мен өнеркәсібі корпорациясы — «КАТЭП»-тің құрамына кіретін. Бұл корпорация АҚШ мекемелерімен бірігіп (БРАУН ЭНД РУТ СИВИЛ/АББ СУЗА, инк) Қазақстанда орналасқан ядролық оқтұмсықтармен жабдықталған континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ату қондырғаларын бөлшектеу және жою жұмыстарын іске асырды.

Есептей келсек, Қазақстан стратегиялық ядролық қару-жарақ жағынан Ұлыбритания, Франция және Қытайдың ядролық арсеналдарын біріктіргеннің өзінде олардың алдында болыпты. Егерде Қазақстандағы ядролық қау-жарақтың тротил жарылғышына шаққандағы баламасын оның халқының санына бөлетін болсақ, республиканың әрбір тұрғыны дүние жүзінде ең көп жарылғыштың иесі болып шыға келеді екен!

Атом қаруының керектігін ары қарай талдайтын болсақ, Хиросима қаласына тасталған, бір мезгілде 45 мың адамның өмірін жойған атом бомбасының күші бар болғаны 20 тонналық тротил жарылғышымен балама болғанын ескеруіміз керек

Бұның өзі қазіргі стратегиялық ядролық қарудың мүмкіндігіне салыстыруға да келмейді. Өйткені кестеде көрсетілген ядролық қарудың күші дүние жүзіндегі барша тіршілікті жоюға жетеді екен! Қазіргі ең шынайы мәліметтерге жүгінетін болсақ, термоядролық қарудың шектен асқан күштісін де жасауға болады екен, бірақ оның қолдануға еш қажеттілігі жоқ болыпты!

Алайда халық аузындағы мақал-мәтелдерге жүгінсек -«көрінгең қару түбінде бір атылмақшы», өйткені ол осы үшін жасалған. «Егер соғыс болмасын десең, — қарулан» деген мақал тағы да бар. Халықтың данышпандығын мына мысалдан да көруге болады: тозаққа апаратын жолдарға тамаша кілем төселетіні туралы өзінің қара ниетін іске асыруды ойлайтын адамдардың аузынан шағады екен.

Сонымен, соғысты болдырмау үшін қаруланыппыз! Қазіргі замандағы мемлекеттерді алатын болсақ, кейбір елдер әлсіздерді қорқыту үшін, күштілерден кек алу үшін бірнеше дана ядролық қаруға ғана ие болғысы келеді екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *