Фариза Оңғарсынова. Ұстазыма. 1973 жыл

Жазу білген балаға
қарайтынмын қызығып.
«Хат жазшы, — деп, — ағама».
баратынмын жүгіріп.

Кітаптарды қолға алып,
үңілетін едім мен.
Оқи алмай қорланып,
түңілетін едім мен.

Хат та жазам ал, міне,
жалынбаймын ешкімге.
Оқып берсем әңгіме,
әжем құштар естуге.

Жақсы оқуды үлгі еткен
бала бол деп тіл алғыш,
Бәрін маған үйреткен
ұстазыма мың алғыс!

Ұстаз өлеңі

Заводта болсаң, күнбе-күн
көрінер еді табысың.
Дәрігер болсаң, түрлі емің —
сырқаулы жанның бағы шын.

Ал сенің еңбек жемісің
өзгеше тіпті басқадан:
ол — өзін арнап ел үшін
осынау жүрген жақсы адам.

Жақсы адам — елдің тірегі,
байлығы туған халықтың,
шапағын шашар үнемі
көгінде тұрған жарық күн.

Сан жастың қамын шертесің,
тағдырын ойлап толғанып.
Әр үйдің бір-бір еркесін
үйреттің өзің қолға алып.

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,
шәкіртсіз өмір — сусыз жер.
Көрінбес ғажап еңбектің
бейнетін кешіп жүрсіздер.

Жүректе тұрар жалқы үнің,
жанымнан жалын жігер күт.
Ұстазым, сенің әр күнің,
әр сәтің тұрған бір ерлік!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *