Саяси іс-қызмет әртүрлі нұсқаларда болуы мүмкін болғанымен, саяси лидерлік — олардың арасындағы ең маңыздысы болып саналады. Лидер (көсем) сөзі саясатқа кішкене де болса қатысы бар көптеген адамдар үшін тартымды күшке ие. Басқа адамдарды басқару, оларды өз артынан ерту, қоғамның күнделікті өміріне ықпал ете алу мүмкіндігі тартымды болуға ескірмейтін сипат береді. Оның үстіне, көптеген адамдар үшін саясат ірі тұлғалар мен ерекше дарынды адамдардың айналысатын іс-қызметі ретінде көрінеді.

Лидерлік — әртүрлі мүдделерді, үрдістер мен әрекеттерді біртұтастыққа жүйелеу мен бағыттаудың ең пәрменді нысандарының бірі болып табылады. Лидерлік беделге, яғни басқарылатын адамдардың басқаруды өз еріктерімен мойындауына сүйенеді.

Саяси лидерлік саяси салада беделді басшылыққа алуды іске асыруға бағытталған көп қырлы қызмет болып табылады. Лидер билік пен беделге, адамдарды басқара алу, жекелеген әлеуметтік топтар мен тұтас қоғамның мүдделерін көре алу және көрсете алу тәрізді бірқатар қасиеттерге ие болуы тиіс.

Лидер ұғымы көп жағдайда беделі, басқару дағдысы, жеке басының тартымдылығы бар қажетті қасиеттерге ие нақты тұлғаны білдіреді. Осы орайда, түрлі дәуірлердің әртүрлі лидерлерді талап ететінін ескеру керек. Мәселен, революциялар мен соғыстар өз артынан халықтың қалың бұқарасын ертіп, миллиондаған адамдардың жүрегіне от сала алатын батырларды дүниеге алып келетін болса, экономикадағы дағдарыстар билікке жарқын тұлғалардан гөрі шектеулі ресурстарға барынша пәрменді иелік ете алатын сауатты менеджерлерді алдыңғы қатарға шығарады. Билікте кей жағдайларда халықтың қалың бұқарасын артына ертетін және сендіре алатын тұлғалар емес, қолдарында ықпал етудің үлкен тетіктері бар, адамдарды сендіре алатын және келіссөз жүргізе алатын тұлғаларға деген сұраныстар пайда болады.

Көне қытай ойшылдары халық оның өмір сүретіндігін ғана білетін патшаны дұрыс билеуші деп санады. Батыста, керісінше, өз істерімен барлық әлемге болмаса да, оның бір бөлігіне өзгерістер алып келе алатын белсенді лидерлер мадаққа ие болатын.

Қысқаша айтқанда, лидер тұлғасы күшті ерік-жігерден, ұйымдастыру және сендіре алу жүйесін, әрекет ету бағдарламасын, бұқараны өз артынан ерте алу қасиетінен тұратын бірнеше компоненттерді қамтиды.

Лидерлік функциясы

— Қоғамның даму стратегиясын қалыптастыру.

— Әрекеттердің оңтайлы тактикасын қабылдау, мүмкін болатын шаралардың ішінен оңтайлысын таңдау.

— Халықтың қалың бұқарасының мүдделері мен сұраныстарын іске асыру.

— Билік институттары мен азаматтардың өзара әрекеттесуін жүзеге асыру.

— Бұқараны маңызды мәселелерді шешуге жұмылдыру.

Лидерлікті тарихи-теориялық талдау

Өткен дәуірлердегі ойшылдар лидерліктің басты компоненті ретінде оның субъективті тұсына — басқарушының билікті табысты жүргізуіне қажетті қасиеттер жиынтығына ие болуына басты көңіл бөлетін. Тарихшылар Герадот пен Страбон заманынан бастап ұлы тұлғаларды суреттеуге үлкен мән беретін. Осыдан болар, әлемнің даму барысы көрнекті адамдардың әрекеттерімен анықталады деген түсінік ұзақ уақыттар бойы үстемдік құрып келді. Мемлекеттің табысы мен сәтсіздігі, соғыстардағы жеңістер мен жеңілістер, халықтардың гүлденуі мен жоқшылық тартуы, империялардың пайда болуы мен құруы — осылардың бәрі жекелеген патшалар мен қолбасылардың еңбегі деп қарастырылды.

Уақыт өте келе саясатқа қатынастағы шынайы көзқарастардың қалыптаса бастауы патшаның өз алдына қоятын міндеттері туралы түсініктерді біршама өзгеріске ұшыратты. Н.Макиавелли патшаның мақсаты халықтың игілігі емес, керісінше кез келген түрде билікті сақтап қалу екенін сенімді түрде көрсетіп берді. Осы орайда, оның теориясын билікті сақтап қалуға мүмкіндік беретін қолданбалы жолдар мен әдістер жазылған оқу құралы деуге болады. Макиавелли лидер моральдық қағидатына сүйенбеу қүқына ие, алайда егер ол пайдалы болса мәңгілік құндылықтарға да жүгіне алады алады деп санады.

Т.Карлейлъ мен Ф.Ницше лидерлік туралы элитарлық ілімді ұсынды. Олар үшін көсем тұлғасында адамзат тегі мен өз халқының ұлы қасиеттері мен сапалары көрініс табады. Халық бұқарасы біртума дарындарды өсіруге қажетті құнарлы топырақ рөлін атқаратын болса, көсемдер оны өз қалауымен бағыттап отыратын тарихтың басты жасампаздары болып табылады. Жалпы, мұндай теориялар қоғам өміріндегі тұлғалық фактордың рөліне қатынастағы тым шеткері субъективтілігімен және абсолюттендірумен ерекшеленетіндігін айта кету керек.

Маркстік теория, керісінше, басты орынды ұлы адамдардың (батырлар, қолбасшылар және т.б.) еріктері мен қалауларына емес, керісінше қоғам дамуының объективті заңдарына берді. Тарихтың шынайы жолы таптық күреске негізделеді, ал лидердің функциясы — өз табын көрсетуге және оның мүдделерін қорғауға тұғырланады. Бұқара халық тарихты жасаушы болғанымен, көсемдер олардың сұраныстарын қолға түсіреді және оларды саяси күресте іске асырады. Тап бостандығы мен мүдделерін лайықты деңгейде білдіре алмайтын жетекшілер сәтсіздікке ұшырайды.

К.Маркс пен Ф.Энгельс теорияларын тәжірибелік іске асыру талпынысы өткен ғасырдың 20-80 жылдары аралығында социалистік елдерде қолға алынды. Осы кезеңдегі саяси тәжірибе халықты өз тағдырының иесі ретінде түсіндіретін үндеулердің бірте-бірте компартия басшыларына құдайлық сипат берумен ұштасып кеткенін жақсы көрсетіп берді. В. Ленин, И. Сталин және тағы басқа қайраткерлердің жеке басына табынушылық тым шеткері сипат алып кетті: оларға арнап кесенелер мен сансыз ескерткіштер салынып, көсемдердің есімдері көшелер мен қалаларға беріліп, идеология мен көркем әдебиет көсемдердің бейнесін аңызға айналдырып жіберді. Нәтижесінде, теориядағы объективті заңдылықтарға сүйену шынайылықта тарихқа қатынастағы тым шеткері субъективизмге айналып шыға келді.

Лидерлік құбылысына қатысты объективті заңдылықты табудың тағы бір нұсқасы ахуалдық тұжырымдамадан көрініс табады. Оның авторлары лидердің тарихи аренаға шығуы қоғамдық ахуалмен байланысты деп санайды. Мұнда адамның жеке қасиеті мен сапасы емес, керісінше қандай да бір белгілі жағдайда осы қасиеттер мен сапаларға қатысты сұраныстардың пайда болуы шешуші рөл ойнайды. Соғыстар мен дағдарыстар қатал әрі шешім қабылдай алатын жетекшілерді алдыңғы қатарға шығарады. Қоғамдағы тоқырау ахуалды түзетуге қабілетті және қоғам дамуына соны серпін беретін жарқын тұлғаларға қатысты қызығушылықтың тууына алып келеді. Одан бөлек, қоғамның ділі мен оның мәдени болмысы лидерді анықтауға ықпал ететін салмақты фактор болып табылады. Еуропа мен Азия, Африка мен Латын Америкасы елдерінің өз басшылары туралы түсініктері әртүрлі, яғни әртүрлі елдердің мәдениеті саяси лидер ие болуы тиіс қасиеттер мен сапаларға қатысты талаптарды алдыңғы қатарға шығарады.

XX ғасырдағы жалпыға ортақ сайлау қағидатының жеңіске жетуі, БАҚ-тардың кеңінен дамуы лидерлікке қатынастағы түсініктердің өзгеруіне алып келді. Қазіргі уақытта лидерлікке немесе жетекші орынға қол жеткізу адамның түйсікті (интуиция), ұйымдастырушылық қабілет, шешім қабылдай алу, ерік-жігер, басқа адамдарға ықпал ете алу қасиеттеріне байланысты ғана көрініс таппайды. Бұл жерде адамның сыртқы түрі, киіне алу дағдысы, шешендік өнері айтарлықтай орыналады. Яғни, саяси теория мен тәжірибе саясаткердің имиджіне жиі назар аудара бастады. Халықтың көзінде лидер бейнесі қоғам өмірінің маңызды факторына айналды. Осының көрінісі ретінде, қазіргі күнде сайлау алдындағы күрестерде имиджмейкерлердің орны мен рөлі саясаттанушылардан, ұйымдастырушылар мен партия идеологтарынан кем түспейтін дәрежеге көтерілді. Осы ретте, адамның шынайы қасиеті мен сапасынан имидждің тым алыс жатуы, адам бейнесінің жасандылығы саяси қайраткерді орға жығуы мүмкін екендігін де ұмытпаған абзал. Сондықтан тәжірибелі имиджмейкерлер өмірден алшақтаған саясаткер бейнесін қалыптастыруға ұмтылмайды. Олар үміткердің ұтымды тұстарына басымдық бере отырып және кемшіліктерін жасыра отырып, оның сыртқы түрі мен жүріс-тұрысына ғана өзгерістер енгізеді.

Саяси лидерлікті типологиялау

Лидер ретінде тек жеке тұлғалар ғана емес, сонымен қатар өз жақтастарының мүдделерін білдіретін және қорғайтын ұйымдар (партиялар, қоғамдық ұйымдар және т.б.) да көріне алады.

Осы орайда, М.Вебер ұсынған саяси лидерлікті классификациялау кең танымал. Ол билік түріне байланысты лидерліктің үш түрін көрсетеді: дәстүрлі, заңды (легалды) және харизматикалық. Дәстүрлі лидерлік қоғамда ұзақ уақыттан бері өмір сүріп отырған дәстүрлер мен тәртіптердің мызғымайтынына сенуге негізделеді. Лидерліктің бұл түрі негізінен индустриалдыққа дейінгі дәстүрлі қоғамға тән. Патриархалдық лидерлер (ру-тайпалардың көсемдері, монархтар) бұл рөлді бұрыннан келе жатқан дәстүрлі түсініктер мен қағидалардың арқасында иеленеді. Дәстүрлі лидерлік отбасындағы жасы үлкен мүшелердің немесе ата-ананың қарым-қатынасына ұқсайды.

Легалды лидерлік заңдылыққа және ұтымды дәйектерге сенуге негізделеді. Индустриалдық қоғам үшін үйреншікті басшылық етудің осы түрін кейде төрешіл лидерлік деп те атайды: лидер бұл мағынада белгілі бір функцияларды іске асыру үшін қойылған функционер болып табылады. Алайда, мұнда басшының өзі барлығына ортақ заңдарға бағынуы тиіс.

Харизматикалық лидерлік басшының жоғарыдан (құдайдан) берілген ерекше қасиетіне, оның тума дарындылығына және басқа да осы қатардағы ерекше қасиеттеріне сенуге негізделеді. Бұл анықтама халықтың көзінде ерекше дарын мен тартымдылыққа ие саясаткерлерге де қатысты. Әдетте, харизматикалық тұлға өзіне басқалардың назарын ақылмен түсінуге болатын қасиеттерімен ғана емес, сонымен қатар діни сенімге жақын ерекше сезіммен де тарта алады. Әрине, егер бұл адамзат тарихындағы негізгі діндердің негізін қалаушылар (Будда, Иса, Мұхаммед) туралы болса, заңды болған болар еді. Ал саясат әлемінде И.Сталин, У.Черчилль, А.Гитлер, М.Ганди, Ф.Кастро тәрізді кеңінен танымал харизматикалық тұлғалар ұйымдастырушылық дарынға, өзіне басқалардың назарларын аударта алуға, тіпті өздерін саяси қарсыластарына қүрметтете алатын ерекше қабілетке ие болатын. Бұл тұлғалардың мұндай қасиеттері әртүрлі дәуірлер мен халықтардың арасынан оларды бөліп қарауға мәжбүрлейді. Көріп отырғандай, харизматикалық тұлғалар демократиялық қоғамда да, тоталитарлық қоғамда да пайда болуы мүмкін. Әдетте, олардың саяси сахнаға шығуы соғыстармен, революциялармен, реформалармен байланысты күрделі әрі шешуші кезеңдермен тұспа-тұс келеді.

Лидерлікті сонымен қатар авторитарлық және демократиялық деп бөліп қарастыруға болады. Авторитарлық лидерлік орындаушыларға жоғарыдан берілетін және бір орталықтан қабылданатын шешімдерімен сипатталады. Басшы өз тапсырмаларын орындаудан бас тартқан немесе оны сапасыз орындаған жағдайда әртүрлі санкцияларға немесе олармен қорқытуға жүгінеді. Басшылықтың мұндай түрі бақылаудың тым қаталдығымен, тіпті ұсақ-түйекке дейін регламенттеумен ерекшеленеді. Демократиялық лидерлік бағынушылардың шешім қабылдау үдерісіне және оны іске асыруға қатысуына сүйенеді. Ол барлық тараптардың бастамалары мен белсенділіктеріне жүгінетін жариялылығымен сипатталады. Әдетте, басқарудың демократиялық стилі кез келген жұмыстың соңғы мақсатын (нәтижесін) басты орынға қойғанымен, оларға қол жеткізу жөнінде қатаң міндеттер артпайды. Бұл, өз кезегінде, бағынушылардан белсенділікті, дербестік пен жауапкершілікті талап етеді.

Ғылымда лидерліктің ресми және бейресми түрлерін де жеке-дара бөліп қарастырады. Ресми лидерлік ұйым немесе мекеме басшысын тағайындаудағы бекітілген ережелермен анықталады және ол бекітілген рәсімдерге сәйкес жүргізіледі. Бейресми лидерлік ұжымның тұлғалық мойындауына сүйенеді және ресми түрде көрініс таппауымен сипатталады. Көп жағдайда ұжымда бір мезгілде ресми лидер де, бейресми лидер де болуы мүмкін, ал бұл өз кезегінде биліктік қатынастар бойынша қақтығыстардың пайда болуына алып келуі мүмкін. Олардың ықпал ету салалары нақты бөлініс тапқан жағдайда ұжымда екі лидердің болуы өзін-өзі ақтайды. Мәселен, бұл жағдайда ресми лидер басқару функциясын жүзеге асырады, ал бейресми лидер ұжымның бейресми жағдайдағы өмірін ұйымдастырады.

Сонымен қатар идеялық лидерліктің өмір сүру мүмкіндігін де назарда ұстау керек. Бұл жағдайда идеялық лидер бағдарламалық қағидаларды ұсынады, болашақ әрекеттердің мақсаттары мен міндеттерін анықтайды. Жарияланған мақсаттарды іске асырумен ресми, немесе атқарушы лидер айналысады. Мәселен, Дэн Сяопин күні кешеге дейін партия мен үкіметте шешуші лауазым атқармай-ақ Қытай Халық Республикасының идеялық лидері болып келді. Оны шынында да бүгінгі күнде оң нәтижесін берген қытай реформасының негізін қалаушы ретінде санайды, өйткені қытай басшылығының XX ғасырдың соңғы екі онжылдығында қабылдаған түбегейлі шешімдері соның арқасында жүзеге асты.

Сөз жүзінде бір мақсаттар мен міндеттерді жария ете отырып, іс жүзінде мүлдем басқа әрекеттерді басшылыққа алатын манипулятор — басшының лидерден бөлек басқа түрі бола алады. Мүдделерді сөз жүзінде жария қорғау көбінесе мүндай басшының өз ізбасарларына қарсы бағытталған және жеке басын ойлаған әрекеттерін жасыруға арналған бетперде ретінде көрініс табады.

Негізгі ұғымдар: саяси лидер, манипулятор, харизматикалық тұлға, ресми және бейресми лидерлік, дәстүрлі және легалды лидерлік.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *