Қазіргі күндегі заманауи әлем үнемі және бітпейтін қозғалыс жағдайында қалып отыр. Әрбір мәдениет, әрбір ел осы процеспен қамтылған. Осыдан туындайтын өзгерістер адам өмірінің барлық салаларын, яғни отбасы мен мемлекетті, ғылым мен өндірісті, мәдениет пен байланыс құралдарын қамтып отыр. Әрине, осындай ауқымды үдерістерден қоғам дамуы да бұрынғыдай өзгеріссіз және шеттеп қала алмасы анық. Ең консервативтік деп сипатталатын дәстүрлі қоғамдардың өзі уақыт өте келе трансформациялануға ұшырайды. Егер осыған дейінгі өзгерістер қызметтің жекелеген салаларын ғана қамтып, ұзақ жылдар бойы біртіндеп жүрген болса, қазіргі күнде біз көптеген адамдарды қамтитын әртартапты реформалардың тоқтаусыз ағымымен бетпе-бет ұшырасып отырмыз.

Модернизация — адамдардың дәстүрлі түсініктерінің, әлеуметтік құрылымдар мен құндылықтың бағдарларының сапалық және сандық өзгерісі XX ғасырдан бастап көптеген мемлекеттер экономикалық жүйені және адамдардың өмірлік болмыстары мен жүйелерін реформалау қажеттілігінің алдына қойылды. Әдетте, ел басшылығы мемлекетті ұстап тұрған басты тұғырларды қозғамай-ақ, өмірдің жекелеген салаларын ғана өзгертуге тырысады. Мұндай жағдайда әңгіме экономиканы модернизациялау, ғылыми-техникалық прогресс жетістіктерін ендіру, әскерді реформалау туралы ғана болады. Мәселен, Жапонияның, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Оңтүстік Американың жекелеген елдерінің қарқынды дамуы экономикалық қайта ұйымдастырудан бастау алды. Уақыт өте келе қоғамның бір саласындағы өзгерістер басқа салалардағы — саясаттағы, мәдениеттегі, құқық жүйесіндегі — қүндылықтардың қайта таразылануы мен ой елегінен өткізілуіне алып келеді.

Ал, постсоциалистік және посткеңестік мемлекеттер біршама басқаша жағдайда қалды, өйткені бүл елдердегі модернизация қоғамның барлық тұстары мен өлшемдеріне ықпал етті. Бұл, өз кезегінде, міндетті түрде туындайтын объективті және субъективті қиындықтарға алып келді. Қоғам экономикалық дағдарыспен, рухани құндылықтардың күйреуімен, мемлекеттік жүйенің тұрақсыздығымен бетпе-бет ұшырасты. Қарапайым адам жаңа жағдайда өмір сүруге дайын болмай шықты. Көптеген жұмысшылар мен шаруалар өздерінің материалдық жағдайларының құлдырағанын шынайы сезініп, дәрігерлер мен мұғалімдер кедейшілік белдеуіне ілікті, ал ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің еңбектері сұраусыз қалды. Жұмыссыздық белең алып, білім беру мен денсаулық сақтау салаларында келеңсіз салдарлар орын алды. Әрине, социалистік жүйенің әлеуметтік саясатына үйреніп қалған азаматтарға осының барлығы оңай тимегені даусыз.

Модернизация табысты түрде іске асуы үшін, ал қоғам оның жағымды нәтижелерін тезірек көру үшін не істеу керек? Әлемдік тәжірибе ол үшін келесідей шараларды қолға алу қажеттігін көрсетеді:

1. Қоғамның барлық жіктері мен топтарын жаңа сипаттағы әлеуметтік, экономикалық, мәдени және саяси құндылықтарға тарту. Әрбір адам өзінің қоғамдағы рөлін сезінуі тиіс. Жекелеген азаматтар жаңа әлеуметтік топтарға енеді. Мәселен, біздің елімізде бірте-бірте кооператорлар, кәсіпкерлер мен банкирлер тобы қалыптасып, жеке кәсіпкерлер қоғамның елеулі тобына айнала бастады. Тұрғындардың кірістерінде алшақтықтар пайда болды. Адамдардың реформаларға деген қатынасы да әртүрлі сипатқа ие бола бастады. Жаңа салаларға сәтті енген және қазіргі күнде қауырт дамуды басынан өткеріп отырған тұрғындар еліміздегі бүгінгі күндегі ауқымды өзгерістерге белсенді түрде қолдау білдіріп отырады. Үкіметтің міндеті — қалыптасып отырған жағдайға аса көңілі толмайтын адамдарды да жаңа процестерге тартуға негізделуі тиіс. Бір сөзбен айтқанда, әр адамға осынау ауқымды өзгерістердің қатысушысы болу мүмкіндігі берілуі тиіс.

2. Экономикалық даму. Модернизацияның табыстылығы мен нәтижелігіне тұрақты экономикалық жүйе құру барысында ғана қол жеткізуге болады. Тұрғындардың материалдық әлеуетінің артуы, өндірістің дамуы, жұмыспен қамтамасыз ету — реформаларға бұқаралық қолдауды қамтамасыз ететін ең маңызды көрсеткіштер болып табылады.

3. Мемлекеттік құрылысты реформалау. Бұл саладағы модернизация азаматтардың саяси процестердегі рөлдерінің күшеюімен және мемлекеттік аппарат тарапынан реформаларға қолдау көрсетумен байланысты. Көптеген адамдар КСРО-дан мүра болып қалған бюрократиялық аппаратты тым үлкен деп санайды. Бір-бірінің қызметтерін қосарландырып отырған шенеуніктер елдегі кәсіпкерліктің дамуына кедергі болып, жаңа заңдардың орындалуын баяулатады. Бұл жағдайдағы ел басшылығының міндеті — халықпен байланысты қамтамасыз ететін және реформалардың қуатты құралына айналатын атқарушы құрылымдарды қүруға негізделуі тиіс.

4. Азаматтық қоғам институттарының қалыптасуы. Жаңа сипаттағы саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық қозғалыстар қоғамдағы жекелеген әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіретін пәрменді тетікке айналуы тиіс. Олар азаматтардың талаптарын жасақтауы, бағдарламалық мақсаттарды әзірлеуі, көңіл толмаушылықтарды парламенттік әдістермен білдіруі және қазіргі күндегі басшылыққа алынып отырған курсқа өзгертулер енгізуі керек.

5. Қоғамда татулық пен келісім атмосферасының орнауы. Елдегі барлық әлеуметтік жіктер, топтар мен саяси күштер қоғамның барлық тұсын қамтып отырған ауқымды реформаларды жүзеге асырудың басты бағыттары бойынша консенсуске келулері керек. Әрине, бұл мәселелерде толық келісімді қамтамасыз ету мүмкін емес болса да, олар тұрғындардың басым бөлігінің қолдауына сүйенетін модернизациялау әдістері мен жолдарын табулары қажет. Қоғамда реформалау жолдарымен келіспейтін ірі күштер болмауы тиіс. Жалпы, бірауыздан толықтай келісушілік көп жағдайда қоғамның шынайы мүдделерін басып тастаудың немесе тұрғындардың саяси үдерістерден тым алшақ жатуының белгісі болып табылады. Демократиялық мемлекет толықтай бірауыздылыққа емес, қоғамдағы әртүрлі топтардың мүдделерін шынайы ескеруге ұмтылады.

6. Мәдениеттің, ғылымның, технологияның дамуы. Бұл салалардағы өзгерістер ескі түсініктерді шеттетуге қолғабыс етеді, жүріс-тұрыс пен әрекет етудің жаңа үлгілерін қалыптастырады, адамдарды әлемдік өркениеттің жетістіктеріне тартады.

Кез келген қоғам модернизациялауға кірісу барысында өзінің алдына нақты мақсаттар қояды. Қазақстан, өз кезегінде, дамыған нарықтық экономикасы бар демократиялық және құқықтық мемлекет құруға ұмтылып отыр. Алайда оған қандай жолмен және қандай әдістермен қол жеткізуге болады деген сауалға жауап беруде зерттеушілердің пікірлері бір-бірінен бөлінеді. Олардың бірі батыс елдері өткен жолмен жүруге шақыратын болса, екінші біреулері Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі реформаларды басшылыққа алуды ұсынады. Осы ретте, түркиялық, чилилік және басқа да нұсқалар туралы да айтылып жатады. Әрине, Қазақстанның осы айтып өткен елдермен ұқсас тұстарының бар екені анық болса да, қазақстандық қоғамның өзіне тән ерекшеліктері бар екендігі де анық. Өйткені басқа елдерде дәл мынадай бастапқы старттық жағдайлар болмаған шығар: — ұзақ ғасырлық отарлық тарих, — экономиканың шикізаттық дамуы, — тәуекелі көп жер шаруашылығы жағдайындағы аса пәрменді емес ауыл шаруашылығы, — тұрғындардың білімі мен мәдениетінің айтарлықтай жоғары деңгейі, — жоғары ғылыми әлеует, — бай табиғи ресурстар, — үлкен жер аумағындағы түрғындар санының аздығы, — геосаяси жағдайының өзіндік ерекшелігі: реформаларды басынан өткеріп отырған елдермен, оның ішінде әлемдік алпауыттарға жататын Ресей мен Қытаймен көрші орналасуы, әлемдік теңізге шығу жолының жоқтығы, көрші елдерде қақтығыстық жағдайлардың орын алып отыруы.

Осындай факторларды ескере отырып, еліміздегі саяси тұрақтылықты, ұлтаралық және әлеуметтік келісімді сақтап қалуға мүмкіндік беретін және экономикадағы айтарлықтай оңды өзгерістерге алып баратын модернизациялау жолдарын іздестіруіміз қажет. Қазақстан бұл мәселеде қазіргі күнде әлемдік тәжірибеде бар үлгілерді ескеретін болса да, шетелдік үлгілерді басыбүтін көшіріп алуға ұмтылмайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *