Генетиканың негізгі зандарын чех табиғат зерттеушісі — Г. Мендель 1865 жылы ашқан. Бірақ оның тәжірибелерінің мазмұнын және ол ашқан заңның мағынасын ғылым 1900 жылдан бастап бағалады. Осы жылы генетика жеке ғылым болып қалыптасты деп есептелінеді. Генетиканың тез дамуы да осы кезден басталады. Міне, осы уақыттан бастап клетка құрамындағы нәсілдік қасиеті бар материалдық заты, оның құрылысы, бөлшектігі, ұрпаққа берілу заңдылығы, өзгергіштік зандылықтары ашылып, организмдердегі тұқым қуалаушылық пен өзгергіштіктің құпия сырын түсінуге мүмкіншілік туды. Осы зерттеулердің дамуында гибридологиялық талдау әдісінің үлкен маңызы болды.

Г. Мендель ашқан тұқым қуу заңдылықтары туралы ілім -менделизм деп аталады. Г. Мендель өз еңбегін өсімдікті будандастырып ұзақ уақыт тәжірибе жүргізу арқылы дамытты. Оның тәжірибені дұрыс қоя білуі, тәжірибесінің жемісті болуына ықпалын тигізді. Ол будандастыру үшін бұршақтың бір ғана нақты белгісі бар таза сортын алды (мысалы: пішіні, түсі) және кейінгі ұрпақтан пайда болған буданды дұрыс есептей білді. Мендель ұзақ уақыт тәжірибе жасау нәтижесінже бұршақтың 22 түрінен 10 мың будан алды. Ол ең алғаш тұқым қуалау бірліктерін, факторларын ашты, бұл ереже кейін Мендель заңы деп аталды. Кезінде ешкім назар аудармаған Г. Мендельдің шағын жұмысы ондағы ашқан тұқым қуалаушылық заңдылықтары қазіргі генетика ғылымының және өсімдіктер мен малдар селекциясының ірге тасы ретінде есептелінеді. Себебі Г. Мендель, біріншіден организмдерге нәсілдік қасиетті сақтайтын зат жұп күйінде кездесетіндігі туралы, ал жыныс клеткаларында әр жұптан тек бір өкіл болатынын және сол нәсілдік заттың өзгермейтіндігі, «таза» күйінде берілетіндігі туралы биологияда алғашқы пікір айтты. Бұл үлкен ғылыми көрегендік еді. Г. Мендельдің бұл пікірлері қазіргі тұқым қуалаушылық туралы ілімнің ғылыми негізі болып есептеледі. Олардың дұрыстығы кейінгі ғылыми факторлармен толық дәлелденді. Сол сияқты Г. Мендель ашқан белгілердің тұқым қуалаудағы заңдылықтары да маңызын күні бүгінге дейін жойған жоқ, керісінше, шаруашылыққа тиімді кейбір белгілер бойынша нәтижелі сұрыптау жұмысын Г. Мендельдің заңдарын білмей, оларды басшылыққа алмай жүргізуге болмайды.

Осы арада не себептен Г. Мендель осыншама ғылыми жетістіктерге ие болды деген заңды сұрақ тууы мүмкін. Әдетте организмдердің нәсілдік қасиетін, белгілердің тұқым қуалау заңдылықтарын Г. Мендельге дейін ешкім тексермеген бе? Әрине бұлай десек жаңсақ болар еді. Шындығында, жоғарыда айтылғандай адам баласы егін және мал шаруашылығымен айналысқаннан бергі саналы, өмірінде туыстас жануарлардың арасындағы ұқсастықты да, өзгергіштікті де көріп келеді, олардың себебі туралы талай ойға да келді. Тіпті осы құпияның сырын білу үшін Мендельден жүз жылдан астам бұрын өсімдіктің әр түрлерін арнайы будандастырумен де айналысқан. Оған мысал, ғалым И.Г. Кельрейтердің жұмысы (1761). Ол өсімдіктердің әр түрлі жынысы барлығын ашып, темекі мен басқа өсімдіктерді қолдан тозандандандыру арқылы олардан алғаш рет будан алған. Олай болса Мендель құпиясының сыры неде?

Г. Мендельдің құпиясының сырын оның нәсілдік қасиетті, белгілердің тұқым қуалау заңдылықтарын тексеруде ғылыми әдіс қолдануы. Бұл әдіс күні бүгінге дейін генетикалық зерттеудің негізгі әдісі болып есептелінеді. Әрбір селекционердің Мендельдің нәсілдік қасиетті зерттеу әдісін жетік білуі міндетті шарт. Біріншіден, будандастыратын организмдерді дұрыс тандай білу. Мендель өзінің тәжірибесін өзін-өзі тозаңдандыру арқылы көбейетін өсімдік — бұршақпен жүргізді. Бұл будандастыруға нәсілдік қасиеттері таза да берік организмдерді таңдап алуға үлкен жағдай туғызды. Екіншіден, тұқым қуу заңдылығын бақылауға сырт көрінісі жақсы жетілген, аздаған сапалық белгілерді алуы. Үшіншіден, жеке белгілердің тұқым қуалауын бақылап, оларды санады, яғни есептеу әдісін еңгізді.

Белгілердің тұқым қууы жөніндегі талдауды бастамас бұрын «белгі», «қасиет» деген түсініктердің мағынасын анықтап, кейбір қысқартылған генетикалық символдарға тоқталып өткен жөн. «Белгі» немесе «қасиет» деген түсінік организмнің морфологиялық, физиологиялық және биохимиялық дербестігінің шартты бірлігі ретінде қолданылады. Мысалы, бір организмнің екіншісінен өзіне тән ерекшеліктері бар, түсі: қара, ақ, қызыл т.с.с; бойы: биік немесе аласа; ауруға төзімділігі немесе осалдығы т.б. Алайда әрбір белгі сырт пішіні қарапайым болғанмен биохимиялық және физиологиялық күрделі процестер арқылы пайда болады. Белгі — организмнің жекеленген ғана қасиеті болғандықтан нәсілдік қасиетті (нышандарды, гендерді) белгілер арқылы бір-бірінен ажыратуға болады.

Г. Мендельдің генетика ғылымына сіңірген тағы бір еңбегі, белгілерді басқаратын нәсілдік қасиетті (генді) шартты түрде әріппен белгілеуді еңгізуі. Жұп белгілердің (сары, жасыл) гендері аллелъды гендер деп аталады. Доминанттық (латынша «домино» — үстемдік етем) — белгілердің гендері латынша алфавиттің бас әріптерімен, рецессивтік (латынша «рецессус» — шегіну, жою) белгіні әріптің кішісімен белгілейді. Жалпы гибридологиялық талдау жасау үшін, генетикада мына төмендегі шартты белгілер қалыптасқан: аталық-аналық қатарын «P» (лат. «парента» — ата-аналар) әрпімен, будандарды — «F» (латын. «филии» — балалар), жанына нешінші қатардағы будан екенін көрсету үшін цифрлы көрсеткіші жазылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *