Жер табиғатындағы ғаламдық өзгерістер

Жерде тіршілікті сақтау жүйелері. Ғарыш кемелерінің кабинасында ғарышкерлердің тіршілігін сақтау жүйелері жасалады. Кабинаның сыртқы бөлігі ғарышкерлерді ғарыш сәулелерінің зиянды әрекеттерінен, метеорлық денелерді соқтығуынан қорғайды. Кабинаның іші адамға қажетті температура, оның ылғалдылығы және атосфералық қысыммен қамтамасыз етілген, ауа адам ағзаларына шығатын көмірқышқыл газынан және басқа да зиянды заттардан үнемі тазартылып тұрады. Ғарышкерлердің тамақтары және суы жеткілікті болады. Егер бұл тіршілік сақтау жүйесінде бір нәрсе сынып немесе істен шығатын болса, онда ғарышкерлердің өміріне қауіп төнеді.

Біз өмір сүретін Жер ғаламшарын да ғарыш кемелері деп атауға болады. Бұл кемеде біз Күн айналасында өзімізді ұшы-қиырсыз саяхатымызды жасап ұшамыз. Біздің Жер де, ғарыш кемесі тәрізді, тіршілікті сақтау жүйелерімен жабдықталған, олар оның ішіндегі адамдарды қамтамасыз етеді. Мысалы, атмосфера бізді ғарыш сәулелерінің зиянды әсерінен және метеорлық денелерден қорғайды. Өсімдіктер одан көмірқышқыл газын алады және демалуға қажетті оттегін шығарады. Бактериялар қурап біткен өсімдіктерді, органикалық заттарға айналатын өлген жануарлардың денелері мен қалдықтарын шірітеді. Оларды өсімдіктер қайтадан өздеріне сіңіреді. Су айналымының арқасында адамзат тұрмыс, өндіріс және ауылшаруашылық қажеті үшін жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етілген.

Адам іс-әрекетінің табиғат кшеніне тигізетін әсері. Жылдан жылға адамдардың қалыптасқан табиғат кешеніне тигізетін ықпалы барған сайын арта түсуде. Себебі адамзатқа күннен-күнге тамақ өнімдері, пайдалы қазбалар, әртүрлі түсті металдар өте көп қажет болып отыр. Адамзатқа қажеттінің бәрін де тірі және өлі табиғат береді. Адамдардың табиғат кешеніне ойланбай араласуы кейде аса қиын жағдайларға әкеп соқтырады. Бірнеше мысал келтірейік.

Ауылшаруашылығына жарамды жерлерді көбейту үшін бүкіл дүниежүзінде жыл сайын көп батпақты жер құрғатылады. Осындай батпақтардан көптеген жылғалар мен кішкене өзендер басталады. Мысалы, Каспийге келіп құятын Еділ де Валдай қыратында орналасқан батпақты аумақтан басталады. Егер батпақтарды құрғата беретін болсақ, мыңдаған жылғалар, кішкене өзендер құрғап кетеді, ал сақталып қалғандарының өзі таязданып қалады.

Шымтезекті, батпақты жерлерде қорғау туралы халықаралық келісім бар. Батпақтардың географиялық қабықта маңызды рөлі болғандықтан, адамдар оларды қорғау үшін барлық қажетті жағдайларды жасауы керек.

Жыл сайын жаңбыр және қар сулары егіс далалары мен жайылымдардан топырақты шайып әкетеді, бұлар өзендерге, көлдерге, бөгендерге тұнба болып шөгеді.

Орта есеппен бір жылда әр гектарда 5 – 10 т пайдасыз жатқан саз немесе саздауыттар құнарлы топыраққа айналады. Егер шайылу осы мөлшерде артпаса, онда ол топырақ құнарлылығына елеулі зиян келтірмейді, басқа да қолайсыз жағдайлар туғызбайды.

Жыл сайын Жер шарында орасан зор орман ағаштары кесіледі. Ал орманның маңызы зор: ауаны тазартады, оны оттегімен байытады. Орман ылғал жинайды және топырақ бөлшектерін ұстап тұрады. Орман ағаштары денесімен көлеңкелеп, қардың еру мерзімін ұзартады, сөйтіп барлық ылғалды алады да, өзендер мен көлдерді қоректендіретін грунт суының қорын сонымен толықтырып отырады. Осының бәрін ескеріп, ағаш дайындауды тиімді жүргізу, оны суды қорғаудың маңызы бар жерде ағашты кеспей, ағаш отырғызуды үнемі ұлғайтып отыру керек.

Қазіргі кезде адамдар табиғи отын мен шикізатты өндіріске өте көп мөлшерде пайдаланады. Сонымен бірге өндіріс орындары, жылу электр стансалары, автокөліктер орасан көп қалдық шығарады. Бұл қалдықтар ұзақ уақыт бойы топыраққа, суға және ауаға қосылып келеді. Өндіріс қоқыстары барған сайын жер бетіне кеңінен таралуда. Қалдық улы заттар өзендер мен көлдерге қосылып, олардағы тіршілікті құртады. Өзендерге шайылып қосылған улы заттар теңіздер мен мұхиттарға барып құйылады. Беткі ағыстармен шайылудан, мұнай тасушы танкерлерді жуып тазалаудан, әсіресе олардың апатқа ұшырауынан мұхитқа миллиондаған тонна мұнай және басқа химиялық заттар барып қосылады. Олардан балық, теңіз жануарлары мен құстары жиі-жиі қырылады. Осындай теңіздердің өнімдерін пайдалану арқылы адам ағзасы да уланады.

Ғалымдар 60-жылдары Сырдария мен Әмудария өзендердің суын егіншілікке шамадан тыс пайдалану Арал теңізінің тартылуына апарып соғатынын, теңіздің біртұтас қалпынан айрылып, бірнеше бөлікке бөлініп кететіндігін дәл болжап айтқан болатын. Бірақ бұл болжамның ескерілмеуі Арал маңындағы қазіргі апатты жағдайға жеткізгені белгілі. Теңіздің су айдыны ⅔-ге қысқарды. Судың тұздылығы 2,5 еседей артуы салдарынан көптеген балық түрлері жойылып кетті. Тартылған теңіз түбінде қалған тұз бен құм көтеріліп, төңіректі басты. Жерасты суының деңгейі төмендеп, өсімдіктің өсуіне қолайсыз жағдай туды. Өсімдігінен айырылған жерлердің жануарлары да құрыды. Арал маңындағы табиғи ортаның жағымсыз өзгерісі халық шаруашылығына зиянын тигізуде. Кеме қатынасы тоқтаған, балық аулау кейінгі уақытта ғана қайтадан жандана бастады. Егістік жер қысқарды. Адамдар көптеген түрлі қауіпті ауруларға шалдықты.

Табиғи ортаны бүлдірмеу, ластанудан сақтау, табиғат байлықтарын ұтымды пайдалану қазіргі кезде адамзаттың алдында тұрған басты ғаламдық мәселелердің біріне айналды. Сондықтан табиғат жайындағы ғылымдардың дамуымен адам баласының болашақтағы әл-ауқаты тығыз байланысты. Бұл мәселені шешуде соңғы кезде дамып келе жатқан экология ғылымы жетекші орын алады.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *